Әулиеата уезі қалай құрылды?
Әулиеата уезі – әкімшілік-территориялық бөлік. 1867 жылы 11 шілдеде жарияланған «Жетісу, Сырдария облыстарын басқару жөніндегі уақытша ережеге» сәйкес Түркістан генерал-губернаторлығына қарайтын Сырдария облысы құрамында ұйымдастырылды. Батыста – Шымкент, шығыста – Жетісу облысының Верный, солтүстікте – Ақмола облысының Ақмола уездерімен шектесті. Орталығы Әулиеата (қазіргі Тараз) қаласы болды.
Уезде 200 мың халық тұрды. Тұрғындардың саны 1897 жылы 300 мыңға жетті. Уездің жерімен Ташкент – Верный тракты өтті. 1914 жылы Арыс – Бурный темір жол тармағы салынды.
ХІХ ғасырдың соңына қарай патша өкіметінің қоныс аудару саясатына сәйкес уезде орыс, украин, неміс қоныстары құрылды. Оларға қазақтар иелігіндегі ең құнарлы деген жерлер кесіліп берілді. Оның үстіне 1870 жылдары Шығыс Түркістаннан қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендердің біраз бөлігі Әулиеата уезінде орналастырылды.
Уез орталығында 15 кәсіпорын: диірмен, тері өңдейтін зауыттар, тағы басқалар жұмыс істеді. Тұрғындардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып, тау бөктерлері мен Шу өзені бойындағылар егіншілікпен, бау-бақша өсірумен шұғылданды.
1916 жылы ұлт-азаттық қозғалыстың үлкен бір ошағы Әулиеата уезінде болды. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін уездегі жергілікті халық мүддесін қорғау мақсатында Ә. Кенесарин жетекшілік еткен Ұлттық кеңес құрылды. Жергілікті тұрғындар 1917 жылы қарашада құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясына қолдаушылық танытты.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Сырдария облысы құрамында Түркістан АКСР-іне, 1924 жылдан Қазақ АКСР-іне енді.Әрбір ел өзінің өткен тарихын білу арқылы, болашағын болжай алады. Сондықтан архив қоймаларында жоғарыда келтірілген мәліметтер іспетті баға жетпес құнды құжаттар сақталып, біздің өміріміздің барлық маңызды оқиғалары жинақталады.
Тараз қаласының мемлекеттік архиві
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала