сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 7:39

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ықылас

Ықылас
ашық дереккөзі
Ықылас
Әулиеата аймағы мен Арқа даласының шектесер тұсында, бүгінгі Сарысу ауданының Шығанақ ауылына қарасты аумақта Қуарал деген жер бар. Қуарал – төменгі Шу өзенінің бойында орналасқан. Шу бойы тұнған қамыс. Тастан өзге ештеңе жоқ, төрт тармағын өзен суы қоршаған елсіз мекен. Төрт мезгілде де бір толастамайтын желі табиғаттың таңғажайып құбылысын танытып тұрғандай. Әлдеқайдан әлдекім қобыз шалып тұрғандай елестейтін ұлы даланың бір пұшпағы өзін-өзі қоңыр күйімен тербетіп жатыр. Қуаралдың етегінде әйгілі қобыз пірі Ықылас Дүкенұлының бейіті бар. Арқа даласында қайтыс болған ұлы күйшіні қар суының соңын ала, жер кеңіген шақта осы Қуаралға әкеліп жерлеген екен...  
Шығанақ ауылынан шығып, Арқа даласына қарай қиялай тарттық. Айдау жолға түсіп, ой-шұңқыры беймәлім жер­лермен жүріп келеміз. Жол бастаушы ауыл ақсақалы Ахметжан Баушенов кезінде қаракөл қойын өсірумен аты шыққан Шығанақ ауылы туралы әңгімеге кірісті. «Ауыл ежелден Арқа даласымен шекаралас, қоныстас болып келеді. Шығанақ совхоз болып құрылғанда Ал­маты облысынан және өзіміздің ауданның «Байқадам» совхозынан қойшылар келді. Өзім де осы совхозда еңбек еттім. Содан мал жаз мезгілінде Арқа даласындағы Мұңлы, Қулы тауларына қарай жайылады. Қыркүйек келгенде бері қайтады. Ауылда қаракөл қойының саны кезінде 36 мыңға дейін жетті. Қалаш Бекбауов, Тұрғынбек Есімбаев, Рысбай Бекежанов деген еңбек ардагерлері болды. 1991 жылы совхоз тараған соң ел ауыл ірге­сіндегі «Үлкен Қамқалы» көлінен ба­лық аулап, тұз сатып, күнін көрді. Ша­малары келгендер көшіп кетті. Бірақ ата-бабамның сүйегі осында жатқан соң, мен ешқайда көшкен жоқпын», деді Ахметжан ақсақал. Шығанақ ауылы туралы әңгімесін осы жерден қайырды да, кең көсілген далаға ұзақ қарап отырды. Шу бойы сыңсыған қамыс, одан жазық дала, батыста мұнартқан тау, бәрі де көне тарихтың шерлі шындығын шертіп тұрғандай еді. Түрлі тағдырдан тамыр тартқан даланың ұлы сазы жанымызды тербеткендей еді. Аз-кем үнсіздіктен кейін Ахметжан қария Қуаралдың батыс жағын көрсетіп, «Мына жер кезінде КарЛАГ-тың қыстауы болған. Лагерьде болғандарды төменгі Шу бойына әкеліп мал бақтырған», деп тың әңгіменің шетін шығарды. Бұл күнде қыстау болған жердің жұрты ғана жатыр. Ну қамыстың кейбір бөлігін тұрғындар қабан, қасқыр сияқты жыртқыш аңдардан қорғану үшін өртеп те жіберіпті. Сөйтіп, түрлі тақы­рыпта әңгіме тиегін ағытқан қария Ықылас Дүкенұлы туралы өзінің білгенін әңгімелей бастады. Ұлы композитордың сүйегі жатқан Қуарал – ұзындығы жеті, ал ені бір ша­қырым болатын кәдімгі арал. Кісі бейсауат жүре қоймайтын, анда-санда ұшқан құс, жүгірген аңнан басқа тіршілік белгісі аса көп білінбейтін бір мекен. Аралдың етегіндегі биік жерден Ықылас бабаның бейіті көзге шалынды. Зиратқа 1978 жы­лы қара мәрмәрдан тас қойылып, сырты темірмен қоршалыпты. Жанында же­ті-сегіз қабір қатарынан жатыр. Бірақ, мұн­да кімдердің жатқанын әлі ешкім біл­мейді екен. Көпшілік бертінге дейін күй­шінің бейітінің қасындағы қабірді Сағыр Кәлпенің қабірі деп келіпті. Ол кісі кезінде аты белгілі емші-көріпкел болыпты. Алайда Ахметжан ақсақал өзінен бұрынғы қариялардан естігені бойынша Сағыр Кәлпенің зираты Қуаралдың арғы басында екенін айтады. «Бұрын Арқа қазақтары Қуаралдың басында қыстайды екен. Жаз мезгілі келгенде Арқаға қарай қайтатын болған. Сондай бір кезеңде, қыстың көзі қырауда Арқада қайтыс болған Ықылас бабамыздың сүйегін сонда қара жерге аманаттап қойып, көктем шыққанда осы Қуаралға әкеліп жерлеген. Ілияс деген кісі күйшінің сүйегін артқан түйені Арқа даласынан осында жетектеп келген. Ол сол уақытта он үш жастағы бала екен. Мен мұны Ілиястың өзінен естідім. Мен көргенде ол жетпістен асқан қария болатын. Өмірінің соңына дейін Жайлаукөл ауылында тұрды. Ықылас Дүкенұлының бейітін Алматы қаласынан зерттеушілер іздеп келгенде, сол кезде жасы алпыстан асқан Ілияс ағамыз осы жерді көрсеткен. Өйткені ол кісі Ықылас бабаны жерлеуге қатысқан адам. Бәрін біледі», деді Ахметжан Баушенов. Қуаралдан әрі қарай Бетпақтың байтақ даласы басталады. Ертеде жаз жайлауын, қыс қыстауын қазақтың қасиетті даласының кез келген жерінен сайлап алатын бабалардың ізі қалған топырақ енді бүгін қойнауына талай сырды бүгіп жатыр. Қуаралдың жанындағы Тантай тауынан әрі асып түскенде Арқаның Қаражалы көрінеді. Қазанғап, Қазақия таулары да кезінде ұлы күйшінің шалған қобызының сарынын болмысына сіңіріп тұрғандай. Кезінде Арқа даласынан ауған киіктер Қуаралдың жайлауында отырған елдің қазған құдығынан су ішіп, қалың көдеге жайылып кетеді екен. Бұл күнде ол көріністің бәрі де сағымға сіңіп, өткен уақыттың еншісінде қалып барады. Ықылас Дүкенұлы – қазақтың ұлы ком­­позиторларының бірі. Қазақ топы­рағын тербеген оның күйлері арада қанша уақыт өтсе де, өзінің көркемдігін сақтап келеді. Шора батырдың Қазан қаласына жорығын бейнелейтін «Қазан күйі» сияқты, оның әрбір күйінің өзінің тағдыр-тарихы бар. Атақты Ахмет Жұбанов «Ғасырлар пернесі» атты кітабында Түркістан қаласынан Қаратауға дейінгі сапарын жазып отырып, сонда қобызшы Жаппас Қаламбаевтан Ықылас туралы алғаш рет естігенін айтады. «Қос ішекті халық қобызы – Ықыласқа дейін бақсы-балгер аспабы болып саналып келген» деп жазады. Ілия Жақанов та атақты күйші туралы біраз жайды зерттеп, оқыр­манға жеткізді. Жалпы, Ықыластың кім болғаны, Қорқыттың қобызына деген қызығушылығы, оның кейін күй құді­ретіне ұласуы сияқты тағдырлы жайттар көп қамтылған. Біз де ұлы қобыз­шы туралы біраз мәлімет жазып алдық. Содан Ахметжан ақсақалға разы-қош айтып, Жайлаукөл ауылында тұратын Жәкен қарияның үйіне тарттық. Жәкен Жамбылбеков – Ықылас Дүкенұлының тікелей ұрпағы. Бұл күнде жасы жетпіске тақап қалған ауыл тұрғыны бабасы туралы білген естеліктерін айтып берді. Шежіре бойынша Алтынбектен Дүкен, одан Ықылас, Ықыластан Түсіпбек, Түсіпбектен Жамбылбек, одан Рүстем, Рүстемнен Жәкен тарайды екен. Сонда бұл кісі ұлы күйшінің бесінші ұрпағы болады. «Ықылас бабамыз Қуаралдың етегінде жеке үй тіктіріп, қобыз шалып отырғанда, келіндері үйге бетін кимешекпен көлегейлеп кіреді екен. Жүзіне тік қарамайтын болған. Үлкен кісілерден естігеніміз бойынша сондағы қобыздың сарыны Шу өзенінің мына басынан ана басына дейін жететін болыпты. Ол кезде өзеннің бойын жағалай отырған ел мұны ұйып тыңдайды. Жайлауға Арқадан ағайындардың келгенін ел осы қобыз­дың үнінен білетін болған. Ықыластың ұлы Түсіпбек бабамыз кезінде жиырма мың қой айдаған екен. Менің атам, яғни Түсіпбектің баласы Жамбылбек 1924 жылы Ленинград қаласында оқып жүргенде, өкіметтің орыстардың жер­лерін алып жатқанын көреді. Бұл қауіптің қазақ даласына келетінін сезеді де, әкесіне келіп «Қазақтардың да малын, жерін алатын күн келетін сияқты. Малдың бәрін ағайындарға таратып беріңіз», дейді. Бірақ атамыз оған бой бермейді. Ақыры, 1928 жылы ол кәмпескеге ұшырап, әуе­лі Ақтөбеге, одан Оралға айдалады. Онымен бірге Оралға жеті адам жер аударылған. Түсіпбек атамыздың жа­нында Мақажан деген есепшісі болып­ты. Бірақ ол туралы ешқандай мәлімет жоқ. Бұлар Бетпақтың даласынан шыққан соң, жағалай қоныстанған халық жол-жөнекей малын сойып, күтіп отырады екен. Сондай күндердің бірінде жа­нын­дағы кісілер жасы кіші болса да Түсіп­бекке дастархан басында бата бергізіпті. Сонда ол кісі «Аузың асқа жарымасын, тақымың атқа қонбасын», депті. Мұндай батаға тосырқап қалған ел мұның мәні­сін сұрағанда, жарықтық атамыз «Мен бай­лығымның арқасында айдалып бара жатырмын» деген екен», дейді Жәкен Жамбылбеков. Не­гізінен Ықыластың ұлы Түсіп­бек­­т­ің тағдыры қиын болған екен. Кәм­­­пес­­келенген оны әуелі Ақтөбе қала­сына алып барады. Кейіннен Орал қа­ла­­сын­дағы түрмеге апарып қамайды. Жәкең­нің айтуынша, Түсіпбек Оралдағы тар қапасқа түскен соң үш-төрт айдан кейін ауырады. «Ауылда атамыздың Шәмшә деген кіші әйелі бар еді. Ол кісі атамызға он үш жасында тиген. 1983 жылы қайтыс болды. Апамыз Жанайдар Сәдуақасовтың туған қарындасы еді. Сол кісі екі-үш атқосшысын алып, атамызды іздеп Оралға барған екен кезінде. Өз қолынан қара шапан тігіп, оның етегіне 500 сом ақша жасырып апарыпты. Түсіпбек сол шапанды киіп алып, жұмыс істеп жүреді. Бір күні кешке қарай атамыздың ұнжырғасы түсіп, ақ қағазға бірдеңелерді жазып отыр дейді. Сөйтсе, қара шапанын жоғалтып алып, соны жоқтап отырған кезі екен. «Зауытқа жұмыс істей барғаннан соң, не шара есті Құдай алғаннан соң» деп басталатын өлеңі содан қалған. Мұны естіген түрмедегілер 1000 сом жинап беріпті. Әсіресе, жанында татарлар көп болыпты. Түсіпбек атамыз 1930 жылы сол жерде қайтыс болады. Сонда Шәмшә апамыз татарларға қабірін қаздырып, ол кісіні жерлегенін өзі айтып отыратын. Бір күні Ілия Жақанов маған «Жәкен, Түсіпбек бабаңның сүйегі Қуаралда жатыр ғой. Бұл Кеңес өкіметі кезінде айтылған жоқ. Кезінде адамдар осы жерге әкеліп қойыпты», деді. Бірақ мен бұған сенген жоқпын. Біздің білуімізде, Түсіпбек атамыздың сүйегі Оралда жатыр. Ал әлі күнге дейін Ықылас бабамыздың қа­сын­дағы қабірлердің кімдікі екенін біл­мей­міз. Кезінде Дәлібай, Мәлібай деген кісілер болған дейді. Кейбіреулер осы кісілер жатыр дегенді айтады. Анығы еш­кімге беймәлім. Әлгінде Ахметжан Баушенов айт­қан Ілияс деген кісі – кезінде Моңғо­лиядан мал айдап келген (барымтамен емес) екен. Аты-жөні Ілияс Ыбыраев, мұ­ны ауылдағылар дене тұрқына қа­рап «Дәу Тама» дейтін болыпты. Жә­кен Жамбылбековтің айтуынша, ол атақты Ықылас қайтыс болғанда, Арқа­дан күйшінің сүйегін артқан түйенің бұй­дасынан ұстап келіп, қабірін өз қо­лымен қазған екен. Бұл жағдайды Ермек­бай Дүйсенбайұлы деген азамат та бес жасында көрген. Өзі көзі көрген көнекөз қариялардың бұл естелігін Жә­кен Рүстемұлы бізге жеткізді. Ықылас Дүкенұлы туралы әңгіме болғанда, оның қобызы туралы айтпай кету мүмкін емес. Ұлы күйшінің қобызы туралы әңгіме де бір тарих. Ашаршылық кезінде қалың ел Арқа даласынан Қуаралды басып өтіп, бері ауады. Бүгінгі Жамбыл облысының Сарысу ауданы сол шамада құрылған. Сол уақытта көштің алдын барлап бес-алты қарулы жігіт қолдарына сойыл, мылтықтарын алып алда жүреді екен. Ықыластың келіні Рәзия атасының қо­­бызын тастамай, өзімен бірге ала шы­ғады. Жәкен Жамбылбеков Рәзияны Ықы­ластың Түсіпбектен кейінгі ұлы Дүй­сембайдың әйелі болғанын айтады. Алай­да тағдырдың жазуымен Дүйсембай ертерек қайтыс болып кетеді де, Рәзия әмеңгерлік жолымен туған қайнысы Ахым­байға қосылады. «Рәзия апамызда бала тоқтамаған екен. Жиырма екі құрсақ көтеріпті. Содан ырымдап Түсіпбектің үйінде тұрған Ықылас бабамыздың қо­бызын сұрайды ғой. Бұл 1924 жылы бол­ған оқиға. Артынша Ырым деген апамыз дүниеге келеді. Одан кейін Дәулет, Сәулет деген балалары болады. Ырым апамыз алпысыншы жылдары Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланған. Ел үдере көшкенде Рәзия апамыз атасының қобызын өзімен бірге алып шығады. Одан бөлек қолында құндақтаулы сәбиі бар екен. Бірақ әбден арып-ашқан ел қос тігіп, сонда тыныққанда, бала жұртта қалып кетеді. Мұны естіген Ахымбай ашуланып, Рәзияны дырау қамшымен ұрғанда ол қобызға тиіп, қобыздың мойыны сынады. Артынша әлгі қосқа қайта барса, бала жоқ. Аң жеді ма, адам жеді ма, белгісіз», дейді Жәкен Жамбылбеков. Жалпы, Ықылас Дүкенұлының ата-бабалары да, ұрпақ­та­ры да қобыз шалған деседі. Мұны Жә­кен қария да айтып берді. «Бала күніміз­де Алтынбек, Дүкен бабаларымыз­дың да қобыз шалғанын естіген едік. Атам Жам­былбек те елдің алдына шықпаса да, қобыз шалған екен», дейді ол. Бұл туралы Ахмет Жұ­банов та «Ғасырлар пернесі» атты кітабында «Ықыласты тұқымымен ежелден қобызшылар ұрпағы деп атауға болады. Қобызда ойнау өнері оның ұр­пағынан ұрпағына көшіп отырған» деп жазады. Жеті атасынан бері шаңырағынан қобыздың сарыны үзілмеген текті әулет­тің бір баяны осындай. Бұл күнде ұлы күйдің жұмбағын­дай, шерлі шежіресіндей болып Ықыластың бейіті Қуаралдың етегінде тұр. 1972 жылы Ғабит Мүсірепов осы жерге келіп, ұлы күйші аруағына тәу еткен екен. Кім-кімнің де болсын аты аңызға айналған атақты тұлғаның жатқан жерін көргісі келеді. Енді осы жерге жол салынып, басына кесене тұрғызылса, көптің келіп көретін жеріне айналатын еді. Ал бүгінде мұнда жол жоқ. Күз, қыс мезгілдерінде айдау жолмен жүру мүмкін емес. Сондықтан да «Өлі разы болмай, тірі байымайды» де­ген қағиданы естен шығармай, осы бір тари­хи кешенге жергілікті биліктің қолдауы болса тіпті ғажап.
egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар