жұма, 26 желтоқсан, 2025 17:45

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті

Инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті
Бас прокуратура
Кеңесте инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

Бас прокуратурада Инвестициялар комитеті мен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өкілдері қатысқан жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ағымдағы жылдың 17 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Инвесторлардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында инвестициялық омбудсмен функциялары Бас Прокурорға жүктелді. Өңірлерде инвестициялық прокурорлар жұмысын бастайды.

 

Жаңа Комитеттің негізгі міндеттеріне мыналар жатады: инвестициялар және инвестициялық қызмет саласындағы жоғары қадағалауды жүзеге асыру; инвесторлардың құқықтарын қорғау, олардың бұзылуының алдын алу және жолын кесу; құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, сондай-ақ олардың салдарын жою; осы салада басшылық пен салааралық үйлестіруді қамтамасыз ету; инвесторлардың қатысуымен дауларды сотқа дейін реттеу; орындау ғаміндетті нұсқамалар мен тапсырмалар шығару; инвесторлардың құқықтарын қорғау саласында халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты үйлестіру және жүзеге асыру және басқа да міндеттер.

 

Кеңесте сөз сөйлеген Бас Прокурор Берік Асылов:«Қадағалау шаралары нысаналы әрі алдын алу сипатында болуы тиіс. Біздің міндетіміз – құқықбұзушылықты болғаннан кейін жазалау емес, заңсыз шешімдердің алдын алып, әділеттілікті уақтылы қалпына келтіру», – деп атап өтті.

 

Бас прокуратура Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бойынша кешенді шараларды іске асырып жатқаны атап өтілді.

 

«Прокурорлық сүзгі» тетігі енгізілді, ол инвесторлардың құқықтарын қозғайтын мемлекеттік органдардың шешімдерін прокурормен міндетті түрде келісуді көздейді. Аталған тетік енгізілген сәттен бастап прокурорлармен 1 100 шешім келісілмей қайтарылып, 400 тексеру, 480 әкімшілік іс жүргізу және 210 өзге дешектеу шараларының жолы кесілді.

 

Нәтижесінде азаматтық даулардың саны 32%-ға, ал инвесторлардың соттарға жүгінуі 33%-ға қысқарды.

 

Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ірі халықаралық және жоғары технологиялық инвесторларды қолдауға бағытталған «Жасыл дәліз» тетігі іске асырылуда. Бұл тетікке 137 инвестициялық жоба енгізіліп, олар бойынша 16 мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Аталған механизмді одан әрі кеңейту жұмыстары жалғасуда.

 

Қазіргі уақытта прокурорлар жалпы құны 76 трлн теңгені құрайтын 1 790 инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Жалпы сомасы 23 трлн теңге болатын жобаларды іске асырып жатқан шамамен 2 мың инвесторға нақты құқықтық көмек көрсетілді.

 

Прокурорлық қадағалау шараларымен кәсіпкерлердің әкімшілік кедергілер мен негізсіз созбалаңға қатысты 145 проблемалық мәселесі шешілді.

 

Инвесторлардың өтініштерін қарау кезінде жол берілген созбалаңдық пен кедергілер үшін 326 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

 

Кеңес қорытындысы бойынша инвестицияларды қорғау саласында мүдделі мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нақты жолға қою және жауапкершілік аймақтарын айқын бөлу қажеттігіне ерекше назар аударылды.

 

Атқарылып жатқан шаралардың түпкі мақсаты – Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау, өндірісті дамыту және Қазақстан Республикасына инвесторлардың сенімін нығайту екені атап өтілді.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар