жұма, 5 желтоқсан, 2025 15:09

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Зияткерлік меншік құқығын қорғау: Жамбыл облысында 94 дана контрафактілік өнім тәркіленді

Зияткерлік меншік құқығын қорғау: Жамбыл облысында 94 дана контрафактілік өнім тәркіленді
Pixabay.com
Бұл туралы Жамбыл облысының Әділет департаменті мәлімдеді

Бүгінде зияткерлік меншік саласы – ел экономикасы мен қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды бағытына айналды. Технология мен шығармашылық туындыларға негізделген қазіргі заманда зияткерлік меншік объектілерін қорғау – жай ғана құқықтық норма ғана емес, ұлттық мүддені қорғау тетігіне айналып отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Контрафакт деген не?

Контрафакт – бұл зияткерлік меншік құқықтарын бұза отырып өнім шығару немесе тарату. Басқаша айтқанда, біреудің идеясы, бренді, өнертабысы немесе шығармасын заңсыз пайдалану. Мысалы, «IPHONE» немесе «APPLE» сияқты танымал тауар таңбаларын иесінің рұқсатынсыз пайдалану, музыкалық немесе әдеби шығармаларды авторлық құқық иесінің келісімінсіз тарату, тіпті патенттелген технологияларды көшіріп қолдану – барлығы контрафактке жатады.

Контрафактілік өнімдер, әдетте, сапасыз материалдардан жасалады, олардың құрамында адам денсаулығына зиян келтіретін заттар болуы мүмкін. Сонымен қатар, мұндай өнімдер нарықта жалған сенім тудырып, тұтынушыларды шатастырады және отандық тауар өндірушілер үшін әділетсіз бәсекеге жол ашады. Ең бастысы – бұл ел экономикасына елеулі залал келтіреді.

Заң не дейді?

Қазақстан Республикасының «Әділет органдары туралы» Заңы мен Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, Әділет органдары зияткерлік меншік нысандарына байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алуға және оларды анықтауға уәкілетті. Жамбыл облысы Әділет департаменті бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Мәселен, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Департаментке құқық иеленушілерден келіп түскен өтініштер негізінде жоспардан тыс үш тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде үш әкімшілік құқықбұзушылық фактісі анықталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабы бойынша үш тұлға жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан жалпы құны 344 500 теңгені құрайтын 94 дана контрафактілік өнім тәркіленді. Ал сот шешімімен құқық бұзушыларға 247 726 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Тексеру барысында «APPLE», «IPHONE», «LIGHTNING» сынды жаһандық танымал тауар таңбаларының құқықтары қорғалды.

Құқықтық сауаттылық – басты құрал

Зияткерлік меншік саласында бұзушылықтарды болдырмаудың ең тиімді жолы – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Осыған байланысты Департамент тарапынан кәсіпкерлермен және тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Заң талаптарын білу және оны орындау – әрбір азаматтың міндеті.

Контрафакт үшін жауапкершілік бар

Қазақстанда контрафактілік өнімдерді заңсыз өндіру, тасымалдау немесе тарату – тек әкімшілік құқықбұзушылық қана емес. Мұндай әрекеттер үшін қылмыстық және азаматтық жауапкершілік те қарастырылған. Бұл – зияткерлік меншік құқығының мемлекет тарапынан жоғары деңгейде қорғалатынын білдіреді.

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар