«6774 әйелге көмек көрсетті»: Тараздағы «Ана үйі» өз миссиясын сәтті орындап келеді
- авторjambylinfo.kz
- 27 мамыр, 2024
- 622
Жамбыл облыстық «Ана үйі» ресурстық орталығының қоғамдық қорының құрылғанына он жылдың жүзі болды. Осы жылдар ішінде қордан 6774 әйел атаулы әлеуметтік көмек алған, деп жазады jambylinfo.kz.
Өмірдің қиын жағдайына түскен жүкті әйелдер мен сәбилі аналарға бұл үй арқа сүйер азаматы мен қара шаңырағының орнын алмастырып тұр. Бүгінде бұл үйді әкелері дүниеге келмей жатып бас тартқан 5 әйел нәрестесімен бірге мекен етіп жатыр.
«Біздің орталықтың басты мақсаты ана мен баланың бірге болуына жағдай жасау. Түрлі жағдайда оң босағада отырып жүкті болып қалған қыздар бар. Бірі зорлықтың құрбаны болып азап шексе, енді бірін жігіті алдап кеткен. Барлығы таныстарына айта алмай, осында жасырынып жүріп босанады. Кейін балалы болған соң, аналық мейірімінен батылдығы оянып, басынан өткен жағдайды жақындарына түсіндіріп, ата анасымен табысып жатады. Біздің басты міндетіміз баласын тастап кетуге оқталған қыздарды райынан қайтарып, қолдау білдіріп, ана мен баланың ажырамауына атсалысу. Перзентханамен тікелей байланыстамыз. Перзентханадағы ақ халаттылар жалғызбасты келіншектер босанса, бірден хабарлайды. Кейін ана мен баланың жағдайымен танысамыз. Басында «Аналар үйінде» жүріп, ойлануға көндіреміз. Соңыра баласын құшағына алған соң, сезімдері оянып, бөпесіне бауыр басып қалады» – дейді «Ана үйі» қоғамдық қорының уәкілетті өкілі Айнұр Ажибекова.
Төрінде бесік тербелген орталықта тұрып жатқан жас аналар өз тағдыры жайлы ешкімге тіс жарып айтқысы келмейді. Бірақ Айгүл басынан өткен қиын жағдайын айтып беруге келісті.
Айгүл тұрмысқа шығатын кезде ата-анасы қарсы болыпты. Алайда болашақ күйеуге деген ыстық ықыласы оны әке-шешесін тыңдамай, тұрмысқа шығуға итермелеген. Той өткен соң жас келіннің не қылығы, не тіршілігі енесіне жақпаған. Түрлі сылтаумен балағаттап, күйеуіне ұрғызатын болған. Ал Айгүл жүктілігінің 8 айында алған ауыр соққыдан соң ес жиып әкесінің үйін паналап барғанда, кезінде тыңдамай тұрмысқа шыққанын бетіне басып, туған ата-анасы қуып жіберген. Адуынды әке қызына жиенін балалар үйіне өткізсе ғана қабылдайтынын айтқан. Ал Айгүл баласынан ешқашан бас тартпайтынын, қандай қиындық болса да, баласымен бірге көруге дайын екендігін жеткізді. Қазіргі жағдайда анасының құрсағында жатып-ақ әкесінің соққысынан дертті болып туылған сәбиге ай сайын ем-дом жүргізіледі.
Құралай Сейсенбекқызы
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ninety One тобының әншісі Әлем халықтан сүйінші сұрады
Ұқсас жаңалықтар
Қордай ауданы мешіт салу бойынша көш бастап тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 22 желтоқсан, 2024