"Ақылды қала": Жамбыл облысында цифрландыру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 16:00
- 39
Тәуелсіздік жылдары елімізді дамытудың жаңа бағыттарына, соның ішінде цифрландыру саласына жүйелі түрде бет бұруға итермеледі. Сол бағыттағы жұмыстардың бірі – «Ақылды қала» жобаларын іске асыру.
«Ақылды қалалар» құру әдістемесіне сәйкес, 2024 жылғы 13 қыркүйекте облыс әкімінің №141-өкімімен жол картасы бекітілді. Жол картасы аясында 22 негізгі және 5 қосымша жоба қарастырылған. Бүгінгі таңда 22 негізгі жобаның 12-сі орындалып, 10-ы орындалуда, қосымша 5 жобаның екеуі орындалып, 3 жоба орындалуда.
«Ақылды қалаларды» дамыту стратегиясы мен оны іске асырудың жол картасын бекіту мақсатында облыс әкімінің 2025 жылдың 19 қарашасындағы №143-ө өкімімен «Ақылды қаланы» дамыту мәселелері бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталған жұмыс тобының ұсыныстары мен сараптамалық қорытындылары негізінде «2026-2030 жылдарға арналған облыста «Ақылды қалаларды» дамыту стратегиясы және оны іске асыру жөніндегі жол картасы» бекітілді. Жол картасында Тараз қаласы бойынша 13 негізгі және 2 қосымша, ал аудандар бойынша 8 бастама қарастырылған.
Бүгінгі таңда цифрлық трансформация мен технологиялық шешімдердің қарқынды дамуына байланысты ІТ экожүйесін қалыптастыру өңірдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторы болып отыр. Аталған бағыттарды іске асыру аясында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті, облыс әкімдігі және «Astana Hub» Халықаралық технопаркі арасында өңірлік IT-хабты дамыту жөнінде үшжақты меморандумға қол қойылды. Осы меморандум негізінде 2023 жылдың 4 ақпанында университет аумағында «ZhambylHub» өңірлік IT-хабы құрылды. Бүгінде бұл хаб өңірлік стартаптарға, жас кәсіпкерлерге, сондай-ақ ІТ саласына қызығушылық танытқан жастарға қолдау көрсететін, инновациялық идеяларды ілгерілетуге жағдай жасайтын маңызды платформаға айналды. Хаб құрылғалы бері 150-ден аса іс-шара өткізіліп, 4 000-нан аса қатысушы қамтылды. Оның ішінде 2024 жылы 68 іс-шара, биылғы жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 103 іс-шара өткізілді. 2025 жылдың 19 наурызында «ZhambylHub» Жамбыл облысы бойынша ресми түрде «Инновациялық технологиялар паркі» АКҚ-ның филиалы ретінде тіркеуден өтті.
Қазіргі уақытта ІТ-хабтың қызметін одан әрі дамыту мақсатында Тараз қаласындағы «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қоры филиалын 2025 жылы дамытуға арналған жол картасы бекітілді. Жол картасы аясында осы жылға бірқатар іс-шараларға қолдау көрсетуге қызығушылық танытқан демеушілерді тарту мәселесі, Innovate Taraz Hackathon, Pizza Pitch, Idea Battle сынды воркшоптар мен стартаптарды ілгерілетуге бағытталған инкубациялық бағдарламалар қарастырылған. Сондай-ақ, облыста «Инновациялық технологиялар паркі» өңірлік IT хабы Astana Hub белгілеген ең төменгі талаптарға сәйкес қажетті ғимаратпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Қазіргі уақытта ғимаратты бейімдеу, материалдық-техникалық жабдықтау және хабтың қызметін тиімді ұйымдастыру бойынша жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Бүгінде облыстың 2026-2030 жылдарға арналған цифрлық даму стратегиясы әзірленіп, бекіту процесінде. Аталған стратегияда цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған бірнеше маңызды жоба қарастырылған. Атап айтқанда, 109 нөмірі бойынша азаматтардың өтініштерін талдау үшін жасанды интеллектіні енгізу (iKomek109), КТ (компьютерлік томография) суреттерін талдау арқылы инсульт пен неврологиялық ауруларды диагностикалаудың дәлдігі мен жылдамдығын арттыру, онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау үшін жасанды интеллектіні қолдану көзделген. Сонымен қатар, өңірдің бірыңғай талдамалық дашбордын дамыту және интеграцияларды кеңейту, облыстың ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу, 5G байланыс желісін кеңейту, автокөлік жолдары бойынша антенна-құрылымдық нысандар салу және жоғары жылдамдықты ұялы интернет желісін дамыту жоспарланған. Өңірлік мониторинг орталығын құру, инциденттерге әрекет ету механизмдерін енгізу және ұлттық киберқауіпсіздік орталықтарымен үйлестіру, цифрлық сауаттылық пен кибергигиенаны арттыру да назарда. Сонымен бірге, iQala жобасы аясында табиғи монополия субъектілерінің сандық қызметтерін интеграциялау және кеңейту, «Кезекші карта» жүйесінде «Жер балансы» автоматтандырылған жұмыс орнын құру, аудандық ауруханаларда телемедицина жүйесін енгізу, проактивті денсаулық сақтауды дамыту, «e-Jambyl» ақпараттық жүйесі негізінде біртұтас білім беру платформасын құру, білім беру қызметтерін қайта жобалау және олардың проактивті форматтағы көрсетілуін дамыту, цифрлық номадтарды тарту және оларды ұстап тұру үшін жағдай жасау, өңірлік цифрлық экономикаға кадрларды дайындауды қолдау, өңірлік IT-қоғамдастық пен стартап-экожүйесін дамытуға қолдау көрсету жоспарланған. Бұл бастамалар «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қорының Тараз қаласындағы филиалының бастамаларын қолдау арқылы жүзеге асырылады.
Елді мекендерді сапалы интернетпен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда 353 елді мекеннің 43-і (12,2 пайыз) – 2G, 51-і (12,2 пайыз) – 3G, ал 259 елді мекен (73,4 пайыз) 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Ал, талшықты оптикалық байланыс желісімен 357 елді мекеннің 189-ы (50,9 пайызы) қамтамасыз етілген, қалған 168 (49,1%) елді мекен қамтылмаған.
Бүгінге таңда облыс аумағындағы 54 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс жүйесін тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасына сәйкес 2023-2025 жылдары «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС 68 елді мекенге 4G базалық стансасын орнатуы жоспарлаған. Бүгінге 23 елді мекенде жұмыстар аяқталды. Ал «Kcell» АҚ 2023-2025 жылдарға жоспарланған 51 елді мекеннің 47-сінде жұмыстарды тәмамдады. «Кар-Тел» ЖШС 2023-2025 жылдары жоспарланған 89 елді мекеннің 73-інде жұмыстарды орындап бітті. Аталған жол картасына сәйкес, 2023-2025 жылдары 208 елді мекенде мобильді интернет желісінің сапасын 4G-ге арттыру жоспарланып, бүгінгі күнге 143 елді мекенде тиісті жұмыстар аяқталды. Сонымен қатар, 2023-2025 жылдары облыс орталықтарында 5G/IMT бесінші буындағы ұялы байланысты енгізу жоспары бойынша «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Теле2) Тараз қаласында 5G технологиясын дамыту бойынша 2024 жылы 26 базалық станса, 2025 жылы 27 базалық станса орнату жоспарланған. Қазіргі таңда 32 базалық станса іске қосылған.
Барлық атқарылған және жоспарланған жұмыстар Жамбыл облысының цифрландыру саласын дамытудың маңызды қадамы болып отыр.






