жексенбі, 17 қараша, 2024 3:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Адам өміріне қатысты жағдайда қателеспеуге міндеттіміз

Адам өміріне қатысты жағдайда қателеспеуге міндеттіміз
ашық дереккөзі
Адам өміріне қатысты жағдайда қателеспеуге міндеттіміз
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы қаралды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің алдымен оң көрсеткіштерге тоқталып, сосын кемшіліктерді жою бағытындағы жұмыстарды айтты. – Жыл басынан бері облысымызға 14 жас дәрігер келді, олардың 2-уі облыс орталығында, қалғандары аудандарда жұмыс жасауда. Кадр тапшылығын шешу мақсатында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры мен Жамбыл облысының әкімі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында өткен жылы Тараз қаласында аталған жоғары оқу орнының филиалы ашылды, – деді Әсет Қалиев. Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов жыл сайын медициналық мамандықтарға берілетін білім гранттарының саны артып келе жатқанын жеткізді. – Коронавирустық пандемияға қатысты ахуал күн санап нашарлауда. Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша жұмыс жасау қажет. Вирус жұқтырғандарды компьютерлік томографиямен қамту керек. Бүгінгі таңда облыс бойынша КТ апараты Қордай, Меркі, Шу аудандарында және Тараз қаласында бар. Қалған аудандар да бұл мәселені шешуі керек, – деп тапсырды облыс әкімі. – Әлеуметтік желілерде жамбылдықтар жедел жәрдем станциясының жұмысына қатысты жиі шағымданады. Осы орайда, өткен жылы жаңа көліктер сатып алынған болатын. Жаңа көліктер ақ халаттылардың емделушілерге келуін жеделдетіп, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға тиіс еді. Бірақ шағымдар әлі де толастамауда. Жедел жәрдемнің жеделдігін арттыру бойынша шаралар қабылдаңыздар, – деді облыс әкімі облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Венера Балқыбековаға қарата. – Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – уақытылы, сапалы медициналық қызмет көрсетуге әсер ететін басты факторлардың бірі. Маған екі айлық дәрі-дәрмек қоры қалыптасқаны туралы баяндалды. Бірақ нақты іс жүзінде де солай ма? Бұл мәселені қатаң бақылауға алу керек, – деп тапсырды облыс әкімі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне. Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев әлеуметтік желілерде тұрғындардың дәрігерлерге онлайн режимінде жазылу қиындығын айтып шағымданатынына назар аударды. Ол «Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының» облыстық филиалына барлық бұзушылықтарды жоюды тапсырды. – Мәселе туындаса, жасырып қалмаңыздар. Қайта түйткілдерді тез арада шешу керекпіз. Адам өміріне қатысты жағдай болған соң, біз қателеспеуге міндеттіміз, – деді Бердібек Сапарбаев.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар