Алқаптағы қызу тірлік
Ен далаға үміт артып, ала жаздай маңдай терін жерге тамызған шаруалар үшін күз мезгілінде жиын-теріннің қыза түсетіні осы бір-екі ай. Әр кепкеннің шабысын, жылғалармен жылжыған ағын судың қандай қарекетпен келгенін жер-анадан басқа ешкім білмейді. Және еңбегене қарай өнімінде сай беретін табиғаттың бұлжымас серті де осында жатыр.
Дүйсенбі күні аудан әкімі Сәкен Арубаев, орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы мен аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Темешбаев Жамбыл ауылдық округіне қарасты 200 гектар пияз алқабындағы жиын-терін науқанын көруге жолға шыққан.
Республикалық маңызы бар автомагистральмен жүйіткіп келе жатып, құдды қызыл кілем төсеп қойғандай алқап көзге алыстан түсті. Егістікке дейін 3 шақырым жолдың тобықтай шаңының өзі биылғы өнімнің мол екендігін аңғартып тұрғандай. Ауыр жүк көліктері арлы-берлі қатынап, жердің миын шығарған. Кезегімізді күтіп, сол тораптан жаңылмай басшылардың соңынан бізде жеттік. Расымен де жұмыстың қызы түскен шағы. Алқапта 150-ге жуық шаруа адамдары жұмысына берілген. Бірі тізбектей тізілген пиязды қапшықтарға жиса, енді бірі сол қаптардың аузын буып, жиып жатыр. Айналадағы қарбаласқа тамсана қараған Сәкен Қаланұлының ойын айтқызбай түсінген ауыл әкімі Бахыт Садырбаев:
– Жалпы округтің егістік көлемі 3400 гектарды құрайды. Оның 600 гектарына пияз, 1301 гектарына көпжылдық жоңышқа, 1100 гектарына арпа-бидай, 105 гектар бақша дақылдары, 90 гектарға майлы дақылдар, 165 гектарға қант қызылшасы орналастырылған. Назарыңызда бірқатар шаруа қожалығының егістігі. Гектарына 90-100 тоннадан өнім алып отыр, – деді.
Мұнан соң аудан басшысы қызу еңбектің бел ортасында жүрген жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, қал-жағдайын, барыс-келістің жайын сұрады. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы өнімнің сапасының жоғары болуына байланысты өткеруден ешқандай қиындық тумағанын жеткізген.
Дүйсенбек ОРМАНОВ,
Жамбыл ауданы
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала