«AMANAT» партиясы: Биыл Жамбылда "Ауыл аманаты" жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 10,5 млрд теңге қарастырылған
- авторjambylinfo.kz
- 19 қыркүйек, 2024
- 75
Шараға облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы және орынбасары мен жауапты қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Күн тәртібінде «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» партиялық жобасын іске асыру жөніндегі жұмыстардың барысы туралы мәселе қаралды.
Айта кетерлігі, өңірде «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2019-2023 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 млрд. теңге бөлініп, ол қаржыға 62 ауылдық округтен 8028 жобалар несиелендірілді.
Ал, биыл аймақта аталған жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 10,5 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаржы көлеміне 1200 өтінімді несиелендіру арқылы 1672 жұмыс орынын құру жоспарланған. Алайда, осы күнге дейін республикалық бюджеттен қаржы түспеген. Жиында сала мамандары мұның себебін тиісті министрліктегі құжаттардың рәсімделуімен түсіндірді.
Сондай-ақ, кеңес мүшелері «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өтінім беретін kezekte.kz ақпарат жүйесінде қалай өтінім берілетінін бүгінгі таңда тұрғындар толық түсінбей жатқаны туралы мәселе көтерді. Сондықтан осы бағытта жергілікті жерлердегі тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу туралы ұсыныстарын жеткізді.
«Ауыл аманаты» жобасы өз тиімділігін көрсетті. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдауға және ауыл халқын кәсіпкерлікке тартуға бағытталған бағдарлама жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл халқының табыс көзіне айналды.
Елімізде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында да тындырымды тірліктер іске асуда. Аталған жоба алғаш ел бойынша өңірімізде пилоттық жоба ретінде енгізіліп, 11 елді мекенді қамтыған болатын. Облыста «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 24,1 миллиард теңге бөлініп, 38 ауылдық округтен 4076 жобалар несиелендірілген. Бөлінген қаржының 23,4 миллиард теңгесіне 152,2 мың бас мал сатып алуға 4012 несие, 38 кооперативтерге 183 дана ауыл шаруашылығы техникалары лизинг жүйесімен берілген. Бұдан өзге ауылды елді мекендерде өз кәсібін ашу бағытында 317,5 миллион теңгеге 43 жоба қаржыландырылып, 4152 жаңа жұмыс орындары ашылған. Бүгінде жаңадан ашылған жеке кәсіпкерліктердің несие қайтарылымы 99,6 пайызды құрап, аталған жобаның тұрғындарға тиімділігін танытып отыр. Еске сала кетсек, тамыз айында жобаның іске асыруы барысымен танысу сақсатында өткен жиында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов өтініштер қабылдау бойынша ақпараттық жүйе жасақталғанын және оның алғаш пилоттық негізде облысымызда іске асылғанын атап өткен болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы 17 мың шағын несие беру мақсатында 100 миллиард теңге бөлу жоспарланған болатын. Бүгінгі күнде 91,3 миллиард теңге игеріліп, 14,4 мың шағын несие беру ісі жүзеге асты. Оның ішінде республикалық бюджеттен Жамбыл облысына 24 миллиард теңге бөлініп, 4 мың шағын несие берілді. Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сәйкес Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» жобасы есебінен салық түсімі 225 миллионға жеткен. Бағдарламаның негізгі мақсаты азаматтардың өз кәсібін ашып, тұрғындарды жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыруды арттыру болып саналады. Алайда бүгінде өтініш берушілер тарапынан жергілікті әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларына құжаттарды қабылдау бойынша шағымдар көптеп түсіп жатады. Сол себепті биыл министрліктен өтінішті онлайн берудің ақпараттық жүйесі әзірленді. Аталған жүйе алғаш Жамбыл облысында пилоттық негізде іске асырылды. Алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлеріне де енгізу жоспарлануда, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Өз кезегінде аталған жүйенің тиімділігін тілге тиек еткен вице-премьер Тамара Дүйсенова халықтың табысын арттыру мақсатында өзге де бағдарламаларды жүзеге асырып, шаруалар өнімдерін терең өңдеуге баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы жақында облыс әкімдерімен кездесуінде халықтың әл-ауқатын арттыру мақсаты бірінші орынға қойылатындығын жеткізген болатын. Осы мақсатта ауыл халқының табысын арттыруға бірқатар бағдарламалар қарастырылған. Айта кету қажет, бүгінде Жамбыл облысы жобаның екінші деңгейіне аяқ басып оңтайлы көрсеткіштер көрсетіп келеді. Сол себепті инновациялық технологияларды енгізуге көптеп көңіл бөліп, ауыл шаруашылығында терең өңдеуді қолға алу аса маңызды. Ел аумағында халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарда бірқатар мәселе де бар екендігі де жасырын емес. Мұндай қиындықтар көбіне кәсіпкер тарапынан әлеуметтік төлемдерді төлеу бойынша, олардың өз өнімін өткізу кезінде орын алады. Сондықтан жергілікті атқарушы билік органдары несие алушылардың өнімін өткізу бойынша жұмыстарды жандандырып, ауыл әкімдері елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық картасын жасақтауы тиіс, – деді Тамара Қасымқызы.
Сондай-ақ, аталған жоба аясында 2019-2023 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 миллиард теңге бөлініп, 62 ауылдық округ қамтылғандығын тілге тиек еткен облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жайындағы есепті жиынында жобадағы тың өзгерістер жайын айтып өтті. Оның сөзінше, биыл «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты-өз кәсібін ашу бойынша бірқатар салаға басымдық берілген. Мәселен өткен жылы жоба аясында өңірде несие алушылардың 92 пайызы мал шаруашылығымен айналысуға өтінім білдірген. Дегенмен күні бүгінге дейін облыс көлемінде өзге өңірден мал сатып алу бойынша ешқандай өсім байқалмағандықтан, жаңа жүйе енгізілмек.
Өткен жылы мал шаруашылығымен айналысушылар тарапынан 152 мың бас мал сатып алынған. Алайда оның он пайызға жуық мөлшері ғана сырттан келген. Яғни, мал басы облыстың ішкі айналымында жүру салдарынан өсім байқалмай отыр. Сондықтан биыл жобаның бұл бағытын қаржыландыру тоқтатылып отыр. Оның орнына кәсіпкерлерге тауарлық несие беру тетіктерін қарастырудамыз. Мұнда әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен кәсіп бастаушы және тәжірибелі кәсіпкерлер үштік негізде жұмыс жасайды. Яғни, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кәсіп бастаушының кепілдігіне жауапкершілік танытады. Соның негізінде үлкен шаруашылық иесі кәсіп бастаушыға 50 бас қой мен 5 сиырға дейін несие береді. Өз кезегінде кәсіп бастаушы жыл сайын мал басының төлі есебінен несиесін өтеп отырады. Мал басы сақтандырылып, мемлекет тарапынан 80 пайыздық қаржы субсидияланады, – деді Әбілқайыр Ғалымұлы. Ал, биыл жобаға 10,5 миллиард теңге қарастырылып, 1200-ге жуық несие беру көзделген.
Жыл басынан бері жеті айдың қорытындысына сүйенсек, облыста 531,6 мың гектар жаздық дақылдар жиналып, 1,6 миллион тонна өнім алынған. Облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабектің сөзінше, ауа райының қолайлылығы мен агротехникалық шаралардың тиімді іске асырылуы есебінен биылғы жылы болжаммен 3,2 миллион тонна өнім алу күтілуде.
Атап өтейік, қазіргі таңда егін жинау науқанына облыс бойынша 10 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникалары қатысуда. Оның ішінде бес мыңнан астамы трактор болса, 556-і комбайн және 4 мыңнан астам басқа да техникалар. Жыл басынан бері 8 айда 324 дана өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникалары алынып, түгендеу есебінен жылдық жоспар 5,8 пайызға орындалған. Ауыл шаруашылығы техникаларын түгендеу жұмыстарының нәтижесінде, 3 280 данадан аса қолдану мерзімі 25 жылдан асқан техникалар есептен шығарылған.
Сондай-ақ, күзгі дала жұмыстарына биыл 11,4 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, тарату бағасы литріне 250 теңгені құраған. Бүгінде операторлар тарапынан облысымызға 4,2 мың тонна жеткізіліп, 2,5 мың тонна шаруаларға таратылған. Бұдан өзге биылғы жылы 332,4 мың гектар алқапқа 83,1 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланған. Бүгінгі күнге 959 шаруа тарапынан 51,8 мың тонна тыңайтқыш алынып, 255,2 мың га алқапқа ендіріліп үлгерген. Бүгінде облыстың әр аумағында күзгі жиын-терін науқаны жүргізіліп жатқандығын ескерсек, бұл көрсеткіштің әлі де еселене түсетіндігі анық.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз