«1,5 миллиард теңгеге дейін». Жамбылдық әлеуметтік кәсіпкерлерге инвестиция тартуға қандай мүмкіндіктер бар
- авторjambylinfo.kz
- 16 қыркүйек, 2024
- 103
Әлеуметтік кәсіпкерлер тізіміне кірген әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері салалық шектеулерсіз 7 пайыздық мөлшерлемемен инвестициялық мақсаттарда – 1,5 миллиард теңгеге дейінгі сомада, айналымдық құралдарды толықтыруға – 500 миллион теңгеге дейінгі сомада жеңілдікті несиелеу түріндегі қолдауға талаптана алады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Мемлекеттің ресурсы шектеулі болғанда, қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешуге әлеуметтік кәсіпкерлер тартылады. Әлеуметтік кәсіпкерлік пайда табуды емес, ең әуелі азаматтардың әлеуметтік түйткілдерін шешуді көздейді. Яғни, әлеуметтік кәсіпкерлер – қалтасын қампайтуды емес, халықтың қамын ойлап, қоғам игілігі үшін жұмыс істейтіндер. Сол арқылы бюджеттің әлеуметтік салаға бөлетін ақшасын да үнемдейді. Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлік Ұлыбритания, АҚШ, Оңтүстік Корея секілді елдерде жақсы дамыған. Бұл елдерде үкіметтік емес ұйымдар, даму институттары да жетіп артылады. Ал, Колумбия, Египет, Үндістан елдерінде әлеуметтік кәсіпкерлік мәдениеті енді-енді қалыптасып келе жатыр. Елімізде «әлеуметтік кәсіпкер» ұғымы заңмен 2022 жылы енгізілді. Соған сәйкес, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісінің төрт категориясы қалыптасты.
Бірінші санатқа халықтың әлеуметтік әлжуаз тобын жұмысқа алатын кәсіпорындар жатады. Олар: мүгедектер, мүгедек баласы бар ата-аналар, зейнеткерлер мен зейнет жасына жақындағандар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, жетім балалар, тұрмысы төмен, көпбалалы ата-аналар, қандастар. Бұл санатқа жататын әлеуметтік кәсіпкерлер бұрын сотталып, жазасын өтеп шыққандарды, есірткіге тәуелділігі үшін медициналық оңалтудан өткен адамдар мен тұрғылықты жері жоқ адамдарды да жұмыспен қамтуға міндетті. Бұл ретте кәсіпорында мұндай санаттағы жұмысшылар саны 51 пайыздан кем болмауы шарт. Айта кетерлігі, бұрын сотталғандар педагогикалық қызметке тартылмайды. Яғни, мектеп, балабақшада жұмыс істемейді. Екінші категорияға халықтың әлеуметтік әлжуаз тобы шығаратын тауарлар мен қызметтерді сатуға жәрдемдесетін кәсіпкерлер жатады. Үшінші санатқа мүгедектерге арнап тауар өндірумен және қызмет көрсетумен айналысатын субъектілер кіреді. Ал, төртінші категория қоғамға пайдалы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған және әлеуметтік проблемаларды шешуге ықпал ететін қызметпен айналысатын субъектілерді қамтиды.
Мұндай кәсіпкерлік әртүрлі факторларға байланысты экономиканың мемлекеттік те, коммерциялық та секторлары дайын емес мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Оларға қазіргі әлеуметтік мәселелерді шешуге не жұмсартуға бағытталушылық, жаңа инновациялылық бірегей амалдарды қолдану, мәселелерді өз қызметінен алынатын кірістердің есебінен шешу, ауқымдалу және таралымдылық пен жалпы қоғамға оң әсер ететін ресурстарды шоғырландыру қабілеті тән.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік нысаны ретінде 95 кәсіпорын тіркелген, бейресми деректер бойынша олардың саны екі мыңнан асады. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, биыл жыл басынан бері бірқатар қолдау шаралары енгізілді. Соған сәйкес, кәсіпкерлер тізіміне кірген әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері салалық шектеулерсіз 7 пайыздық мөлшерлемемен инвестициялық мақсаттарда – 1,5 миллиард теңгеге дейінгі сомада, айналымдық құралдарды толықтыруға – 500 миллион теңгеге дейінгі сомада жеңілдікті несиелеу түріндегі қолдауға талаптана алады. Инвестициялық мақсаттардағы субсидиялау мерзімі – 5 жыл, айналымдық құралдарды толықтыру – 3 жылды құрайды.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне 7 пайыздық мөлшерлемемен инвестициялық мақсаттарда 20 миллион теңгеге дейінгі сомада, айналымдық құралдарды толықтыруға 5 миллион теңгеге дейін микронесиелер ұсынылатын болады. Сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен іске асырылатын «Өңірлік шағын жеке меншік және орта жеке меншік кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру» бағыты шеңберінде әлеуметтік кәсіпкерлер басымдыққа ие болады. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында аталмыш механизм шеңберінде «Даму» қорының, жергілікті бюджеттің және өзге көздердің микширленген қаражаттарының есебінен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдаудың өңірлік бағдарламалары шеңберінде 1 пайыздан басталатын түпкі мөлшерлемемен несиелер мен микронесиелер бойынша субсидиялар ұсынылатын болады.
Сондай-ақ, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 5 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттарды ұсыну кезінде салалық шектеулерді алып тастау қарастырылған әлеуметтік кәсіпкерлерге басымдық берілмек. Бұдан бөлек, қаржылық емес қолдау шаралары аясында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін кәсіпкерлік қызметті жүргізудің сервистік қолдауын ұсыну; кәсіпкерлерді және кәсіпкерлік бастамасы бар халықты ақпараттық-талдамалық тұрғыдан қамтамасыз ету; «іскерлік байланыстар» құралы; «Мен кәсіпкер» тиімді кәсіпкерлік қызметіне оқыту құралы сияқты кәсіпкерлік қолдау шаралары таралатын болады.
Ал, бизнес өкілдеріне әлеуметтік кәсіпкер атану үшін алдымен кәсіпорынның тізілімге кіре алатын санатын анықтау маңызды. Бұдан кейін таңдалған санатқа сәйкес құжаттар пакетін жинау керек. Аталмыш сұрақ бойынша жан-жақты ақпарат алу үшін өңірлік қабылдау комиссиясына жүгінген жөн. Бәрі дұрыс іске асқан жағдайда әкімдіктердің жанындағы кәсіпкерлік басқармаларына құжаттар пакетімен қоса өтінішті арнайы комиссияның қарауына ұсынуға болады. Өтінімдер бір тоқсанда бір рет қабылданады. Әрбір өңірде комиссия жұмысының басталу күндері әртүрлі жарияланады. Өтінімдерді қабылдау дара кәсіпкерлік, жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе өзге заңды тұлғаның тіркелу орны бойынша жүзеге асырылады. Құжаттарды беру сәтінде кәсіпорынды тіркеу сәтінен бастап кемінде бір жыл өтуі тиіс. Кәсіпкерлер коммерциялық қызметті жүзеге асыруын тиісінше құжаттармен растауы қажет. Мұнда өтініш пен құжаттар қағаз түрінде қабылданатындығын ескерген абзал.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз