Аса ауылында жаңа баспана кілттері табысталды
- авторБақытжан Бекболат
- 7 сәуір, 2025
- 326

Бүгін Жамбыл ауданының Аса ауылында көптен күткен қуанышты сәт орын алды. Үй кезегінде тұрған азаматтарға 40 пәтерлі тұрғын үйдің кілттері табысталып, қоныс тойы тойланды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Салтанатты шараға аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы қатысып, жаңа баспана иелерін құттықтады.
– Баршаңызға белгілі, мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу. Әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының басты назарындағы мәселелердің бірі. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың маңызы зор. Жаңа қоныс құтты болсын! Қуаныш ұзағынан сүйіндірсін! Жаңа пәтерде бақытқа бөленіңіздер, – деді аудан басшысы.
Жамбыл ауданында қазіргі таңда 1750 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Солардың бірқатарына осы жолы жаңа қоныс бұйырды. Ел игілігіне берілген бұл баспана – 40 пәтерлі 20 үй. Тұрғын үй комиссиясының шешімімен пәтер кілттері көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға табысталды.
Аса ауылы тұрғындарының қуанышына айналған бұл бастама – әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі. Жаңа баспаналар берік отбасының іргетасын нығайтып, елдегі игі істердің жалғасуына жол аша бермек.