жексенбі, 13 сәуір, 2025 14:55

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ауылға серпін берген өнертабыс: Меркілік оқушылар роботрактор ойлап тапты

Ауылға серпін берген өнертабыс: Меркілік оқушылар роботрактор ойлап тапты
Фото: Jambylinfo.kz
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Алайда соңғы жылдары бұл салада жұмыс күші тапшылығы мен табиғи қолайсыздықтар жиі кездесіп жүр.

Осындай түйткілдерді шешу мақсатында Жамбыл облысы, Меркі ауданы №4 Тілеміс батыр атындағы орта мектебінің оқушылары – Ғабдолла Ақсұлтан мен Байкөбек Нұрлыбек – тың жоба әзірледі, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Олар жетекшісі Абдувалиева Гүлназ Нұрланқызының көмегімен ауыл шаруашылығына арналған «РОБОТРАКТОР – 3/1» атты автономды техниканы құрастырып шықты.

Жоба авторларының айтуынша, роботтандырылған тракторды жасау идеясы ауыл жастарының бұл салаға қызығушылығының төмендігінен туған. «Көп жастар егін егуге ниет танытпайды. Осыны ескере отырып, біз табиғаттың ыстығына, шаң-топырағына қарамай еңбек ете алатын, әрі адам еңбегін жеңілдететін техника жасауды жөн көрдік», – дейді Ғабдолла Ақсұлтан.

«РОБОТРАКТОР – 3/1» деп аталуына да себеп бар. Себебі бұл құрылғы үш негізгі жұмысты қатар атқара алады: жер жырту, дән себу және дәннің бетін жабу. Арнайы сенсорлы датчиктермен жабдықталған техника егіс жұмыстарын жоғары дәлдікпен орындайды және ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жанармай шығынын болдырмас үшін робот электр қуатымен де жұмыс істей алады.

Жетекшілері Гүлназ Нұрланқызы оқушыларының жобасына үлкен сеніммен қарап, олардың еңбегін жоғары бағалайды. «Бұл тек бір жобаның нәтижесі емес. Бұл – жастардың ел болашағына бейжай қарамай, ғылым мен техникаға бет бұрғанының көрінісі. Мұндай жаңашыл жобалар ауыл экономикасына нақты үлес қосары сөзсіз», – дейді ұстаз.

Жас өнертапқыш Байкөбек Нұрлыбектің айтуынша, олар жобаны мектеп қабырғасында ғана қалдырмай, болашақта өндірістік деңгейге дейін жеткізуді көздеп отыр. «Біз үлкен көлемдегі егістікке арналған нұсқасын жасап шығарғымыз келеді. Еліміздің ауыл шаруашылығына үлес қосуға дайынбыз», – дейді ол.

«РОБОТРАКТОР – 3/1» – ауыл жастарының ғылым мен техниканы игеруге деген ынтасының, жаңашыл ойлаудың айқын дәлелі. Бұл жобаның болашағы – автоматтандырылған ауыл шаруашылығының алғашқы қадамы болуы бек мүмкін.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар