«Қауіп төнуі мүмкін». Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары талқыланды
- авторМағжан Орынбасар
- 13 ақпан, 2025
- 228

Бүгін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының отырысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары талқыланды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Басқосуға партияның облыстық филиалы аппаратының қызметкерлері, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі, төтенше жағдайлар департаментінің басшысы және осы салаға жауапты департамент басшылары, «ZOOM» арқылы қала және аудан әкімдерінің жауапты орынбасарлары мен партиялық бақылау комиссиясының төрағалары қатысты.
Жиында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы және облыс көлемінде көктемгі су тасқынының алдын алу, болдырмау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы қаралды.
Бұған дейін «AMANAT» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшелерінен құрылған жұмысшы топ облыста көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеген. Осы жөнінде партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Алпамыс Қазыбаев баяндама жасап, зерделеу жұмыстарының нәтижесін айтты.
- Бүгінгі таңда Жамбыл облысының өзендерінде су деңгейі тұрақты. Дегенмен, облыс аумағындағы таулы аймақтарда орналасқан аудандарда тау бөктерінен көлбеу ағындардың пайда болуынан қауіп туындауы мүмкін екендігі көрсетіп отыр. Өңірімізде былтырғы су тасқынына қарсы арнайы іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыс аумағында орналасқан су жүретін каналдарды, дренаж каналдарды, арық желілерін және су өткізу құрылғыларын тазарту бойынша жұмыстардың біразы жүргізілген. Жалпы облыс көлемінде жоғарыда аталған көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша өңірімізде жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы әлі де болса өз деңгейінде емес екендігі байқалады. Осы орайда салаға жауапты басқарма мен облыстық төтенше жағдайдар департаменті және су саласына жауапты облыстағы департаменттер мен инспекция және қала, аудан әкімдіктері тарапынан жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың барысына жүргізілген зерделеудің қорытындысы көрсеткендей, өңірдегі көктемгі су тасқын-дарының алдын алу бойынша жұмыстарды одан әрі күшейту керек,- деді Алпамыс Қазыбаев.
Сонымен қатар жиында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Молдашевтың аймақтағы су қоймаларын жөндеу жұмыстары бойынша есебі тыңдалды.
- Басқармаға қарасты «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің теңгерімінде 113 су қоймасы мен бөгеттер бар. Мерзімдік су деңгейінің көтерілуі кезеңінде су қоймаларының техникалық жағдайы мен оған келіп-кетіп жатқан судың мөлшері мекеме қызметкерлерімен қатаң түрде қадағаланып отырады. Сонымен қатар, су нысандарын қалыпты жағдайда ұстау мақсатында жыл сайын су қоймалары мен бөгеттерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Атап айтқанда, 2024 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 39,735 млн теңгеге 9 су қоймасы жөнделді. Сонымен қатар, 2024 жылы мекемеге қарасты 10 су қоймасына көпфакторлы зерделеу жұмыстары жүргізілді,- деді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары.
Бүгінгі күні облыс аумағында су тасқыны қаупі бар аймақта 178 152 адам тұратын 42 елді мекен орналасқан. Дегенмен, төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары Руслан Орынбеков қазір Жамбылда су тасқыны жағдайы тұрақты екенін айтады.
- Облыс аумағын су тасқынынан қорғау деңгейін арттыру «Су тасқыны кезеңіне дайындық» және «Инженерлік іс-шаралар жоспарлары» аясында жүзеге асырылуда. 2024 жылғы тау бөктеріндегі аудандарда орналасқан елді мекендерді көлбеу және беткейлік ағындардан қорғауға арналған 27 шақырым канал мен арық-дренаж жүйелерін кеңейту, тереңдету жұмыстары және Т.Рысқұлов ауданының облыстық мәні бар жолдары бойындағы 12 көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы қараша айында Талас, Шу және Аса өзендеріне жақын орналасқан елді мекен тұрғындарына су тасқыны кезіндегі әрекет ету талаптарын сақтау бойынша профилактикалық үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 2110 тұрғын үй араланып, 5789 адам қамтылды. Профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында 6000 дана жадынама таратылып, түбіртектерге қол қою арқылы таныстырылды,- деді Руслан Орынбеков.
Жиын соңында бақылау комиссиясының мүшелері күн тәртібіндегі мәселе бойынша жауаптыларға нақты сауал қойып, айтып келмейтін табиғат тосынының алдын алу жұмыстары нәтижелі болуы керектігін ескертті. Сондай-ақ отырыста қаралған мәселе бойынша қаулы қабылданды.