Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл: “Дана да дара тұлға” конференциясы өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 13 ақпан, 2025
- 412
Бүгін Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы “Даңқ” залында Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері, Халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған “Дана да дара тұлға” атты тағылымды конференция өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Конференцияны белгілі тарихшы, қоғам қайраткері Бекет Момынқұлұлы жүргізіп, Бауыржан Момышұлының қайталанбас тұлғасы, әскери жолы және әдеби мұрасы жайлы мазмұнды баяндама жасады.
Бауыржан Момышұлы – жаужүрек қолбасшы ғана емес, әскери тактиканы жетік меңгерген стратег, терең ойлы қаламгер, ұлтжанды тұлға. Оның соғыс кезіндегі әскери шеберлігі мен батыл шешімдері көптеген елдердің әскери мектептерінде оқытылып келеді. Конференция барысында Бекет Момынқұлұлы батырдың соғыс жылдарындағы ерлігіне кеңінен тоқталып, оның командир ретіндегі ерекше қабілеттерін атап өтті.
“Бауыржан Момышұлы тек қарумен емес, ақылымен де күрескен тұлға. Оның қаһармандығы мен батырлық болмысы – болашақ ұрпаққа өнеге”, – деді ол.
Сонымен қатар, Бауыржан Момышұлының әдеби шығармашылығы да ерекше назарға алынды. Оның “Ұшқан ұя”, “Ар-намыс гвардиясы” сынды еңбектері жастарға тәрбие мен рухани азық боларлық құнды туындылар. Батырдың нақыл сөздері мен өсиеттері – ұлттың бойтұмары, елдік пен ерліктің үлгісі. Қазіргі таңда Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған “Жеңіске 100 күн қалғанда” атты акция өтуде. Бұл бастама 5513 әскери бөлімінде де кең көлемде аталып өтуде. Акция аясында әскери бөлімде соғыс ардагерлерімен кездесулер, патриоттық дәрістер, әскери жаттығулар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Мұндай шаралардың мақсаты – жастарға батыр бабалардың ерлігін үлгі етіп, олардың рухын көтеру, патриоттық сезімдерін нығайту. Конференция барысында да осы акцияның маңыздылығы ерекше аталып өтті. Жас сарбаздар мен оқушылар Бауыржан Момышұлының майдандағы естеліктері мен ерлік сабақтарынан тәлім алып, батыр бабаларымыздың даңқты жолын жалғастыруға деген құлшыныстарын білдірді.
Шара соңында қатысушыларға Бекет Момынқұлұлы мазмұнды әңгіме айтып, олардың сұрақтарына жауап берді. Жас сарбаздар мен мектеп оқушылары Бауыржан Момышұлының тұлғасына ерекше қызығушылық танытып, оның өмірінен көптеген тағылымды деректермен танысты.
5513 әскери бөлімінде мұндай патриоттық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Әскери қызметкерлер мен жастардың бойына ұлттық рух пен патриоттық сезімді сіңіру – басты мақсат. Бүгінгі “Дана да дара тұлға” конференциясы – өткенді ұлықтап, келер ұрпаққа аманат етудің жарқын көрінісі. Бауыржан Момышұлының ерлігі, адалдығы, елге деген сүйіспеншілігі – әрбір қазақстандық үшін үлгі. Осындай тағылымды шаралар арқылы жас буын батыр бабаларымыздың мұрасын танып, ел қорғауға, туған жерін сүюге деген сенімін нығайтады. Батырдың есімі – мәңгілік, ерлігі – ұрпаққа аманат!
Қазақстанда тростық тосқауылдар сынақтан өткізілуде
Ұқсас жаңалықтар
Таразда «Қазақстан Барысы» іріктеу турнирі өз мәресіне жетті
- авторjambylinfo.kz
- 20 наурыз, 2025
Тоқаев Израиль президентімен телефон арқылы сөйлесті
- авторСадуақас Айсұлу
- 20 наурыз, 2025