«Ауыл аманаты», су мәселесі мен театр құрылысы: Қоғамдық кеңесте тағы қандай мәселелер талқыланды
- авторjambylinfo.kz
- 15 ақпан, 2024
- 595
Бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев облыстық қоғамдық кеңестің мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Ербол Қарашөкеев атап өткендей, қоғамдық кеңес облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті мәселелер мен маңызды жобаларды үнемі назарда ұстайды. Оның айтуынша, қазір Жамбыл облысында бірқатар жаңа бастамалар іске аспақ.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы 18,4 млрд теңгеге 8 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Биыл бұл қаржыны 20 млрд теңгеге көбейтуді көздеп отырмыз. Айта кетерлігі, өзге өңірлер қаржыны игере алмай жатқан болса, біз ұсыныс енгізіп сол қаржыны өзімізге әкелу мәселесін шешеміз. Қазір 2-3 жаңа бағытта жаңа жобалар барү Мысалы, тамшылатып суару зауыттарын соғу мәселесін қарастырып жатырмыз. «Ауыл аманаты» жобасы аясында осындай бастаманы Қазақстанда бірінші болып іске асырғалы отырмыз,- деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ, жиында кеңес мүшелері өңірдегі бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, кеңес мүшесі Темірхан Әбілековтың айтуынша, қоғамдық кеңес табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұсынған аква өсіруге қаржы бөлуді бөгеген. Өйткені, өткен жылы осы салаға жұмсалған 286 млн теңге қала маңында дайын балықты сататын «алып сатарлардың» қалтасына кеткен. Бұл мониторинг жұмыстары нәтижесінде анықталыпты. Сол үшін алдағы уақытта балық шаруашылығын дамыту мақсатында аймақтағы ірі су айдындарын тиімді пайдалануды ұсынды.
«Ұсынысыңызға рақмет. Алдағы уақытта жеке қабылдауыма келіңіз. Мәселелерді тыңдайық, талқылайық. Енді мынау үлкен су қоймаларын айтып кеттіңіздер. Біз үлкен су айдындарында ғана емес, аулада жұмыс жасайтын фермаларды да қолдауымыз керек. Сондықтан барлық ұсыныстарды дайындап келіңіз. Әріптестермен,жауаптылармен бірге қарастырайық,- деді облыс әкімі.
Ал, Қоғамдық кеңес мүшесі Дамир Ташқараев су үнемдеу мәселесін айтты. Оның сөзінше, Жамбыл облысында тәулік бойы су ағып тұратын ұңғымалар саны көп. Сондықтан тіршілік нәрін ысырып етпеу үшін сол ұңғымаларды қолға алу керек деп санайды кеңес мүшесі. Сондай-ақ, жиында мәдениет саласындағы проблемалар айтылды. Атап айтқанда, кеңес мүшелері облыстың қазақ және орыс театрларына жеке ғимарат керек екенін айтқан.
«Қазақ театры мен орыс театры бір сахнада өнер көрсетіп жұргенін білемін. Бірақ, театр соғу арзан емес. Сондықтан бюджеттің мүмкіншілігіне қарай көреміз. Бір театрды соғу үшін бүгінгі күні кемінде 50-70 млрд теңге керек. Сол себептен мүмкіншілік болып жатса алдағы уақытта қарастырамыз,- деді өңір басшысы.
Мағжан Орынбасар
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024