сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 8:24

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Жарнама жасадым, бірақ, ақша құйған жоқпын». Экс-блогер Дәулет Мұқаев жеңілдіктен дәмеленіп рұқсаты жоқ үйді жарнамалаған

«Жарнама жасадым, бірақ, ақша құйған жоқпын». Экс-блогер Дәулет Мұқаев жеңілдіктен дәмеленіп рұқсаты жоқ үйді жарнамалаған
Коллаж: jambylinfo.kz
Алматыда үлескерлерден ақша алған DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешенінің құрылысын әкімдік тоқтатып қойды

Бүгін бір топ азамат, дәлірек айтсақ Алматыдағы жаңа ықшам аудандарының бірінен комфорт класты үй аламыз деп үміттенген азаматтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына бейнеүндеу жариялап, мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевқа қатысты шара қолдануды сұрады, деп жазады jambylinfo.kz.

«Құрметті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев! Біз Сіздің атыңызға осы видеоүндеуді жолдауға мәжбүрміз. Себебі, Алматы қаласы Мәдениет ықшам ауданында DOSTAR DELUXE деп аталатын тұрғын үй кешеніне үлескер ретінде ақша салғанбыз. Құрылыс жүргізуші компания – MAX BET PV2. Директоры – Берік Нұрмағамбетов. Келісімшарт бойынша осы жылдың төртінші тоқсанында, яғни желтоқсан айында тұрғын үй кешені пайдалануға берілуі керек болған», – дейді видеоүндеу жолдаған азаматтар.

Олар қазіргі таңда құрылыс жұмыстары тоқтап тұрғанын айтады. Себебі үшінші теміржол вокзалы салынатындықтан, әкімдік құрылысты тоқтатқанын атап өтеді.

«Әрине, кез келген салаға жарнама арқылы келетініміз белгілі. Осы тұрғын үй кешеніне үлескер ретінде ақша салу барысында бізге сол кездегі танымал блогер, қазіргі мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың жарнамасы басты себеп болды. Жарнамаға алданып, жүзден астам адам салымшы ретінде 200 млн теңгеден көп ақша салып, не үй жоқ, не ақша жоқ отырмыз. MAX BET PV2 компаниясы келісімшартты бұзған үлескерлерге ақшаны төрт ай ішінде қайтаруға уәде беріп, әртүрлі сылтаумен кейінге қалдырып келеді. Аталған компания әлі де жарнама таратып жатыр. Басқа адамдар алданып қалмасын. Ақшамызды толық қайтарып беруін талап етеміз. Дәулет Мұқаев отставкаға кетсін» – дейді азаматтар.

Аталған мәселе бойынша редакция тілшісі депутат Дәулет Мұқаевқа хабарласты. Бірақ, ол бұл мәселе бойынша екі апта бұрын, яғни, 28 қаңтар күні ютуб-арналардың біріне сұхбат бергенін, пікірі керек болса, сол сұхбаттан алуымызды сұрады. Тілшіміз сұхбатты толық қарай келе, Мұқаевтың осы компанияға қалай келгенін, жақсы жеңілдік жасаймыз деген соң Алматыдағы пәтердің бағасы қымбат екенін біле тұра тағы бір пәтерді жеңілдікпен алғысы келгенін естідік.

«Бұл мәселеге қатысты мені депутат ретінде этикалық комиссия отырысына да шақырды. Бас прокуратураның өкілдерінен консультация алдым.  Олар маған екі сұрақ қойды: «бұл құрылыс компаниясында үлесің бар ма, әлде сенің құрылыс компанияның ба?» деді.  Жағдай былай болды: мен Астанадан үй алдым, кейін саттым, бір бөлмелі үй, одан екі бөлмелі үй алдым деген сияқты. Бірақ, Алматыда менде үй жоқ болды. Содан не керек, сол құрылыс компаниясының сату бөлімі балаларға (Дәулет Мұқаевқа жақын адамдарға - ред) шығып, метрі 300 мың теңгеден пәтер ұсынды. Жақсы, тамыз айында Алматыға барсам, компанияның үйін көремін дедім. Өйткені, білесіздер, Алматыда үй қымбат, ал, бұл комфорт санатындағы үй. Қаланың шетінде үй болғандықтан, шаршы метрінің бағасы сондай болды.  Инстаграмға пост жариялап, жарнама жасағаныма маған жеңілдік жасаймыз деп уәде берді. Дегенмен, жарнама жасамас бұрын мен құрылыс орнына барып жағдайды бақылап шықтым. Ол кезде құрылыс қарқынды жүріп жатқан. Үйдің паспорты, бәрі болды. Тіпті, бұл үйді бірнеше жұлдыздар жарнамалаған деп сендірді. Жарайды дедім. Шыны керек, Алматыдан да екі бөлмелі пәтер алып қояйын дедім. Жарнама 2022 жылдың тамыз айында жасадым. Әкімдіктің үй салуға берген рұқсат қағаздарын сұрағанда, болашақта аламыз, жібереміз деді. Жарайды дедім. Шыны керек, мойындайықшы, қай қаланы алып қарасақ та, біздегі тұрғын үйлерді 90 пайызы солай салынатынын білемін», - дейді Дәулет Мұқаев.

Осылайша, Дәулет Мұқаев үйдің ресми рұқсат қағазын көрместен, құрылыс компаниясының жеңілдігін алғысы келіп, өзінің миллиондаған аудиториясына осы құрылыс компаниясын жарнамалай бастаған. Оның үстіне депутат кезінде Астанадағы құрылыс компаниясына өзі де алданғанын, бірақ, ол үшін ешкімді кінәламайтынын айтады.

«Мен де «GPark» құрылыс компаниясынан екі жыл болды үй ала алмай келемін. Оны маған группаласым жарнамалаған. Бірақ мен бұл жерде ешкімді кінәлап жатқан жоқпын ғой? Сондықтан, «Достар» компаниясына қатысты мәселе де енді тек сотпен шешіледі деп ойлаймын. Тек ұзақ уақыт кетуі мүмкін»,- дейді мәселеден басын алып қашқан депутат.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 50-ден аса салымшы «арзан бағада пәтер аламыз деп сан соғып қалғанын» қазақстандық БАҚ беттері жариялаған. Салымшылардың компанияның жарнамасын сол кездегі блогер Дәулет Мұқаевтың парақшасынан көрген. «Менің атымнан барсаңыздар, 20 пайыз жеңілдік» деген Мұқаевтың сөзіне сенген азаматтар ақшаларын рұқсат қағазы жоқ тұрғын үй кешеніне салған.

Осы ретте біз депутат Дәулет Мұқаевқа осы мәселе бойынша Бас прокуратураның қандай қызметкерлері консультация бергенін анықтау үшін құзырлы органға тиісті ресми сауал жолдадық. Бұл тақырып редакция назарында болады.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар