дүйсенбі, 8 желтоқсан, 2025 19:29

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Балалар арасындағы қатыгездікті қалай тоқтатуға болады

Балалар арасындағы қатыгездікті қалай тоқтатуға болады
Егемен Қазақстан
Балалар арасындағы қатыгездік – соңғы жылдары жиі талқыланып жатқан әлеуметтік мәселе.

Мектепте, аулада немесе интернет кеңістігінде байқалатын агрессияның түрлі түрлері бала психологиясына, оқу үлгеріміне және әлеуметтік қарым-қатынасына тікелей әсер етеді. Қатыгез әрекеттердің ерте кезеңде анықталмауы олардың ұзаққа созылуына, ал зардап шеккен балалардың эмоционалдық қауіпсіздігінің әлсіреуіне алып келеді. Бұл мәселені шешу үшін ата-аналар, мұғалімдер және қоғам өкілдері бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Жүйелі бақылау, ақпараттандыру және алдын алу шаралары балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыруда негізгі рөл атқарады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Мысалы, мектеп ішіндегі ұсақ жанжалдың өзі онлайн кеңістікке ауысып кетсе, күрделене түсетіні бар. Дәл сол сияқты топтық чаттарда басталған әзіл-күлкі бір баланың намысына тиіп, көпшіліктің қудалауына ұласуының куәсі болып жүрміз. Достар арасындағы түсініспеушілік, қызғаныш немесе бәсекелестік интернетте ашық түрде жалғасып, балаға зиян келтіреді. Мұндай жағдайда бала өзін қорғаудың орнына, басына түскен жағдайды жасыруға тырысады. Себебі ата-анасы не мұғалімінің тарапынан өзін кінәлі сезініп, тыйым салынады деп қорқады.

- Одан бөлек жеткіншектер құпия сөзді дұрыс қоймайды, өздерінің қайда жүргенін, кіммен бірге екенін жариялай салады. Бейтаныс адамдармен сөйлесуге бейім келеді. Бұл әрекеттер қызығушылық танытқандарға оның осал тұсын табуға мүмкіндік береді. Көп жағдайда кибербуллинг бір ғана қорлайтын пікірден басталады. Кейін фотоларды рұқсатсыз жариялауға, жалған ақпарат таратуға, қауесет тудыруға дейін ұлғайып кетеді. Жасөспірімнің өзін-өзі іздеуі, өзгелердің қабылдауына тәуелді болуы, эмоциясының өзгере беруі оларды интернеттегі жағымсыз әсерге сынып кетердей әлсіз етеді. Сол сәл ренжіткен пікірдің өзі бала көңілінде терең із қалдырады. Мұндай келеңсіздіктер оқуға, мінез-құлқына, тіпті денсаулыққа әсер етіп, заманауи қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Қарапайым қате қадамдардан, байқамай жасалған әрекеттерден немесе эмоциялы жауаптан үлкен кибербуллинг туындауы мүмкін. Сондықтан балалардың цифрлық сауатын арттырып, олардың онлайн мінез-құлқын бақылап, қауіпсіздік ережелерін үйретіп отыру шарт. Бұл бүгінгі күні ата-ана мен мектептің ортақ міндеті. Жеткіншектер интернеттегі еркіндікті жауапкершілікпен меңгермесе, кибербуллинг қаупі төне бермек, - дейді психолог.

Кибербуллинг мәселесі соңғы жылдары күрт күшейіп, осы мәселе бойынша психологқа жүгінетіндердің саны да көбейіп отыр. Баланың күнделікті мінезі өзгеріп, көңіл-күйі түсіп жатса да, көп жағдайда ата-ана мұны жас кезеңіне тән құбылыс деп қабылдап, мәселенің түп-төркінін аңғармай қалады. Ал шын мәнінде, буллингтің онлайн түрі тыныш қана басталады. Есесіне баланың көкейінде үлкен дақ қалдырады.

– Жеткіншек кезең өз-өзін іздеу, қабылдауға ұмтылу, өзгелердің пікіріне тәуелді болудан басталады. Бір ғана қорлайтын пікір, мазақ немесе топтың ішінен әдейі шеттету балаға үлкен психологиялық соққы болуы мүмкін. Балалар әлемінде «әзіл» мен «қорлау» арасындағы шекара өте жұқа болса, интернетте мүлде жойылып кетеді. Біреудің жазған жауабы ертеңгі күні ондаған адамға тарап, қысымның күшеюіне әкелуі бұл менің тәжірибемде жиі кездесетін жағдай. Кибербуллингтің бастауы бала сенімсіздігінен емес, қауіпсіздік ережелерін білмеуінен туындайды. Ол әлеуметтік желіде ашық болуға тырысады, өзінің ең жеке сәттерін бөліседі, бейтаныс адамдармен сөйлесуге дайын тұрады. Бір ғана жағымсыз пікір немесе масқаралайтын фотомонтаждың таралуы жеткіншектің психикасына ауыр тиетін жағдай. Мұндайда бала үндемейді, себебі ол өзін кінәлі сезінуі немесе үлкендердің түсінбейтінінен қорқуы мүмкін. Менің байқауымша, кибербуллингтің тағы бір ерекшелігі оның тоқтамайтындығы. Мектептегі жанжал сабақтан кейін аяқталуы мүмкін, ал интернеттегі қысым тәулік бойы жалғасады. Бала ұялы телефонын өшірмегенше, өзіне бағытталған әр хабарламаны, әр пікірді көріп, сол жағдайды қайта-қайта бастан кешіреді. Бұл стресстің ең қауіпті түрі. Ұйқы бұзылып, көңіл-күй төмендеп, оқуға деген ынта азаяды. Кей жеткіншектер өз болмысын жасыра бастайды, басқа адамдармен байланысын үзіп, тұйықталып кетеді. Жеткіншек өзін түсінетін, қорғайтын адам бар екенін сезінсе ғана, интернеттегі қысымның салдары азаяды. Психолог ретінде айтарым кибербуллингті жеңудің жолы тек бақылаудан емес, сенімнен басталады. Бала ата-анаға немесе мұғалімге айтуға қорықпайтын атмосфера қалыптасқанда ғана интернет әлемі оның дамуына кедергі емес, қолдау құралына айналады, - дейді Айдана Ізетбай.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар