жексенбі, 22 желтоқсан, 2024 11:07

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Балалар кез келген жерде өздерін қауіпсіз сезініп, ойларын ашық айтуы керек – Ербол Қарашөкеев

Балалар кез келген жерде өздерін қауіпсіз сезініп, ойларын ашық айтуы керек – Ербол Қарашөкеев
Сурет: облыс әкімінің баспасөз қызметі
Облыс әкімі әлімжеттік көрген балаларға көмектесу үшін бірыңғай сенім телефонын іске қосуды тапсырды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі отырыс барысында өңірдегі жұмыстың қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды jambylinfo.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.  

«Мекеме басшылары туындаған мәселелермен жүйелі түрде жұмыс істеудің орнына фактілерді жасыруға тырысады. Олар жұмыстан босатылып, жауапқа тартылатыны сөзсіз. Бірақ бұл мәселенің шешімі емес», — деді Е. Қарашөкеев.

Облыс әкімі мектептің рейтинг жүйесі туралы ережені қайта қарауды тапсырып, жергілікті жерлерде мектеп әкімшілігінің тарапынан болған заң бұзу фактілерін уақтылы анықтауға және жедел ден қоюға ынталандыру талап етілетінін атап өтті. Сондай-ақ жауапты тұлғаларға әлімжеттік көргендерге көмек көрсету үшін бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және оқушыларды жаңа қызметтің жұмысы туралы кеңінен хабардар ету тапсырылды.

Облыс әкімі учаскелік полиция инспекторларының профилактикалық жұмысының тиімділігін арттыру, білім беру мекемелерінде, оның ішінде, мектеп-интернаттарда бейнебақылау камераларының санын көбейту, оларды полиция департаментінің жедел басқару орталықтарына қосу міндетін қойды.

Өңір басшысы білім беру мекемелерінде психологиялық қызметті күшейтудің және мектеп психологтарының біліктілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

«Психологтар білім басқармасымен тікелей жұмыс істеп, мәселелер туралы жедел хабарлауы, өз бетінше маңызды шешімдер қабылдауы және мектеп басшылығына тәуелді болмауы тиіс», — деді Е. Қарашөкеев.

Жалпы, облыс әкімі өңірдегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы тиісті органдардың жұмысына қанағаттанарлықсыз деген баға берді. Ол әлеуметтік желілерде мектептердегі мәселелерге қатысты шағымдардың саны артқанын, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың 3,8 пайызға өскенін атап өтті.

«Балалар қиын жағдайларда қалай және қайда жүгіну керектігін білуі маңызды. Оларды толғандыратын мәселе туралы жасырын түрде айта алуы керек. Барлық сынып кабинеттерінде сенім телефонының нөмірімен плакаттар ілу қажет. Балалармен сенімді қарым-қатынас орнату үшін кәсіби психологтар жұмыс істеуі тиіс. Балалар кез келген жерде өздерін қауіпсіз сезініп, не мазалайтыны туралы ойларын ашық айтуы керек», — деп атап өтті облыс әкімі.

Қарашөкеев атап өткендей, жазатайым оқиғалардың көпшілігі сабақтан тыс уақытта болады. Сондықтан балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамытуда ата-аналармен өзара әрекеттесуді күшейту маңызды.

Отырыста ҰБТ-ға дайындау және өткізу, жазғы демалыс кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру, лагерьлерде, шомылу маусымы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Сондай-ақ аймақ басшысы мектептерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударды. Биыл өңірде білім беру саласын қаржыландыруға 320,5 млрд теңге бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 53 пайызын құрайды (2023 жылы 282,8 млрд теңге).

Сонымен қатар Ербол Қарашөкеев қысқа мерзімде лицензиясыз жұмыс істеген үш мектепке қатысты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл өңір мектептерінің заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру бойынша мониторинг барысында анықталды.

Жиында облыстық білім басқармасы басшысы мен орынбасарларының, бірқатар аудан әкімдерінің, полиция департаменті басшылығының есептері тыңдалды.

Айта кету керек, Мемлекте басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар қауіпсіздігі ісіне ұдайы көңіл бөлуді, балалар құқығын қорғау жүйесін нығайтуды тапсырған еді.

«Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіп­сіздігі. Балаларға қатысты жан­түршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті, ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құ­қық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже бер­ген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зом­былықтың алдын алу саяса­тын қайта қарауымыз керек. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, кө­шедегі, тіпті әр үйдегі қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етпесек, да­мыған елдердің қатарына қо­сылуы­мыз қиын болады. Аза­мат­тарымыз еркін жүріп-тұра­тын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет» деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар