Белгілі сатирик Толымбек Әлімбекұлымен бенефис өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 6 қараша, 2024
- 430
Оқырманды сүбелі сөз өнерімен олардың ой жиегін, рухани жан-дүниесін қалыптастыра отырып, елжандылыққа тәрбиелеу, – кітапхананың мәдени жұмысының негізгі тапсырмасы. Осы мақсатта 2024 жылдың 6 қараша күні Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын –жазушы, еліміздің белгілі сатиригі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Толымбек Әлімбекұлының 70 жылдығына орай «Әзіл аялдамасында Толымбек» атты бенефис кеші және «Қалай болса солай» барайль қаріпіндегі кітабының тұсау кесері өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кездесуге қонақ ретінде М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Мырзабеков Бақыт Ормаханұлы, Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының мүшесі, сатирик - Әлімқұлов Бақытжан Советұлы, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының белгілі сахна шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан шақыртылды.
Қонақтар шара басында сүйікті сатириктің «Қалай болса солай» атты кітабының барайль қаріпіндегі нұсқасының тұсауын кесті.
Рухани кеш барысында халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгердің өсиеті мол өмір жолы туралы деректер айтылып, кеш кейіпкері мен қонақтары сүбелі сұхбат жүргізді. Сергіту сәтінде жастар монолог оқып, жазушының сөзіне жазылған «О, Вальс!» әніне «Асыл арман» өнер студиясының талантты бишілері би композияциясын биледі.
Сонымен қатар сатира жанры, қазақ сатирасында дәстүр жалғастығы жайында сөз етіп, қонақкәдеге Толымбек Әлімбекұлы өзінің әзіл-ысқақ жолдарын көрерменге тарту етті және де жуырда жазушының 70 жылдығына орай шығарылған «Шымылдықтың ар жағы....», «Абыр-сабыр» атты қос жинағын «Әзіл аялдамасында Толымбек» тақырыбында өткен бенефис кешінде арнайы Алматы қаласынан жолдап, кітап қорын жаңа кітаптарымен толықтырды. Бұл кітаптарда сатириктің сатиралық шығармалары, сын-фелетондар мен драматургия саласындағы еңбектері топтастырылған. Алдағы уақытта оқырмандар арнайы кітапхананың абономенттік бөлімінен алып оқуына мүмкіндігі бар.
Кеш соңында бенефиске жиналған көпшілік оқырмандық ықыластарын жылы лебіздерімен білдірді.