сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 7:05

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Биыл Жамбыл облысының халқын газбен қамту көрсеткіші  92,4 пайызға жетеді

Биыл Жамбыл облысының халқын газбен қамту көрсеткіші  92,4 пайызға жетеді
Коллаж: jambylinfo.kz
Бұл мақсат үшін аймақтың бюджетінен 3,1 млрд теңге бөлініп отыр

Былтыр облыста 11,8 млрд теңгеге  36 елді мекенге газ тарту жұмыстары басталған болатын. Соның ішінде 25 жоба биыл жалғасын тауып жатыр. Энергетика басқармасының мәліметінше, 2024 жылы халық санына шаққанда 17 мың адам көгілдір отынға қол жеткізеді деген жоспар бар. Облыстағы газдандыру саласында атқарылатын шаруалар жайы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат жиынында кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дамир Тұңғатовтың айтуынша, биыл облыстағы 25 ауылдық округке газ тартылады. Өңірде бүгінгі күні 86 елді мекен көгілдір отынмен қамтылмаған.

«15 елді мекенге жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджетке ұсынылды. 33 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.  33 елді мекенде халық саны аз болғандықтан, газ тарту кейінгі жылдарға жоспарланып отыр,- деді Дамир Тұңғатов

Аймақта көгілдір отынға қосылмаған жалғыз аудан – Мойынқұм ауданы. Басқарма бұл өңірдегі 13 ауылдық округке газ беруді жоспарлап отыр. Алдымен бұл жұмыстың бірінші кезеңінде 3 ауылдық округ көгілдір отынға қол жеткізеді. Ол үшін биыл министрлік қаржы бөлген. Енді мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізіледі. Мойынқұмға Шу ауданындағы автоматты газ тарату станциясынан газ тартылады.

Ауданды газдандыру үшін кешенді жұмыс жоспары жасалған. 1 кезеңде 3 ауыл газға қосылады. Олар Айдарлы, Бірлік, Биназар ауылдары. Бұл ауылдарды газбен қамту үшін энергетика министрлігіне биылғы жылдың бюджетін нақтылауға 18,5 млрд теңге өтінім беріліп, құрылыс жұмыстарын бастауға 600 млн теңге қаралып отыр. Қосымша 2 млрд теңгеге бюджетке ұсыныс берілді,- деді Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы

Жұмыстарды сапалы жасау керектігін ескерткен Ербол Қарашөкеев бірқатар мәселелер бойынша аудан әкімдерінен жауап алды. Сондай ақ, «Қазақ ТрансГаз аймақ» облыстық филиалының басшысы Бақтияр Көпбосынов облыстағы газ құнының көрші облыстармен салыстырғанда төмен екендігін айтып, жалпы газдандыру саласында кәсіпорындармен жұмыс және авариялық құтқару тобының санын арттыруды қолға алып отырғанын айтты. Бақтияр Көпбосыновтың сөзінше, «Қазфосфат» ЖШС кәсіпорнында бүгінгі күні газ тапшылығы бар. Бірақ, оған қажетті миллиардтаған қаражатты бір жылда өтеп бере алмайды екен. Сондықтан әкімшіліктің қатысуымен 3 жақты жол картасы жасалса деген ұсынысын айтты. Ербол Қарашөкеев мәселенің маңыздылығын алға тартып, орынбасарына тапсырма берді.

"Қанатбек Қайшыбекұлы, бұл облыстағы ең үлкен индустриалды кәсіпорнымыз. Мұнда газ тапшылығы мәселесі өте маңызды. Үкімет отырысында да өндірістің төмендеуі осы себептен деп айтылды. Сондықтан бұл мәселе хаттамаға енгізіліп, Қанатбек Қайшыбекұлы бақылауға алыңыз», - деді облыс әкімі.

Бұдан бөлек,  жиында жылыту маусымының барысы талқыланды. Жалпы жылыту маусымы 164 күнге есептелсе, оның 153 күні өтті. Облыста қыстың қақаған суығында Жамбыл ауданының тұрғындары жылусыз қалғаны белгілі. Бірақ, әлеуметтік нысандар бойынша мәселе жоқ дейді Дамир Тұңғатов. Жауаптылардың айтуынша, биыл облыста «Таразэнергоорталық» АҚ-ң РК-4 қазандығының жүктемесін кеңейту бойынша қайта жаңғырту жобасы түзетуден өткен. Бұл үшін  100,9 млн теңге қаралды. Ал, «Ұлы дала» шағын ауданындағы сорғы станциясының құрылысы әлі аяқталмаған.  

"Тараз қаласындағы 15-шағын ауданның жылу желілерінде жылудың қысымын ретке келтіруге арналған насос станциясының құрылысы әлі күнге пайдалануға берілген жоқ. Мердігер «Строй Монтаж Групп» ЖШС-і өткен айда, 10 ақпанда насос станциясын іске қосуды уәде еткен болатын, келісім-шартқа сәйкес 29 ақпанда құрылыс жұмыстары толық аяқталуы тиіс болған. Алайда, бүгінгі күнге дейін құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталмады. Осыған байланысты, тапсырыс беруші ретінде Тараз қаласы әкімдігі шарттың талаптарына сәйкес сотқа талап-арыз беріп, айыппұл құнын өндіруі қажет",- деді жауапты басқарма басшысы

Бақытжан Орынбеков аймақ басшысына мәселе жақын арада шешім табатынын айтты. Жиынды қорытындылаған Ербол Қарашөкеев  жылыту маусымы біткенше жұмыс қарқынын жоғалтпау керек екенін алға тартып, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Жылыту маусымы аяқталған жоқ. Жұмыс кестесі сақталып, отын энергетика кешендері шартты режимде жұмыс істеуі керек. Инфроқұрылым нысандарын салуға және жандандыруға бюджеттен қаражат қарастырылып, беріліп жатыр. Сондықтан жұмыстардың сапалы жасалып,  мерзімінде аяқталуына мән беру қажет,- деді Ербол Қарашөкеев.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар