
Осы мақсатта қолға алынған Президенттік жастар кадр резерві жобасы – талантты жастарға үлкен мүмкіндіктер ашатын бірегей бастама. Аталған жобаның мәні, мақсаты мен өңірлік көрсеткіштері туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шариповпен сұхбаттасқан едік.
– Руслан Шамелұлы, Президенттік жастар кадр резерві жобасы туралы қысқаша айтып өтсеңіз. Бұл бастама қашан қолға алынған еді?
– Президенттік жастар кадр резерві жобасы Мемлекет басшысының 2019 жылғы 27 тамыздағы №141 Жарлығына сәйкес бастау алған. Бұл – елдегі жас әрі дарынды кадрлардың әлеуетін мемлекеттік қызметте пайдалануға бағытталған маңызды бастама. Алғашқы іріктеу кезеңі 2019 жылы өткізілсе, екінші кезең – 2021 жылы, үшіншісі – 2023 жылы ұйымдастырылды.
– Осы уақыт аралығында қанша үміткер резервке іліккен? Олардың қазіргі жағдайы қалай?
– 2019 жылы – 300, 2021 жылы – 50, 2023 жылы – тағы 50 адам резервке алынды. Жалпы республика бойынша 400 резервшіден бүгінгі күні 316 адам немесе 79 пайызы жұмысқа орналастырылды. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылғы резервтен – 238, 2021 жылғы резервтен – 40, ал 2023 жылғы іріктеуден өткен 50 адамның 38-і бүгінде түрлі мемлекеттік құрылымдарда қызмет атқарып жүр.
– Олар негізінен қай салаларда қызмет етуде?
– Резервке енген азаматтар орталық мемлекеттік органдарда, жергілікті атқарушы органдарда, ұлттық компанияларда және өзге де ұйымдарда еңбек етіп келеді. Мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейлеріндегі лауазымдар үнемі резервшілерге ұсынылып отырады. Олардың әлеуетін тиімді пайдалану – біздің негізгі мақсатымыз.
– Биыл осы жоба жалғасады ма?
– Иә, ағымдағы жылы Президенттік жастар кадр резервіне кезекті төртінші іріктеу кезеңі басталады деп күтілуде. Өткен іріктеу кезеңінде мемлекеттік аппараттың нақты салаларға деген сұранысын ескере отырып жүргізілген болатын. Яғни, келесі бағыттар бойынша мақсатты іріктеу өткізілді: инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; сыртқы саясат және инвестициялар; экономикалық және қаржылық саясат; цифрландыру; әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам. Биылғы іріктеу кезеңіде жоғарыда аталған бағыттар бойынша қайта қаралуы мүмкін.
– Үміткерлерге қандай талаптар қойылады?
– 2023 жылы өткізілген іріктеуде ең алдымен, үміткер Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек болатын, жасы 35-тен аспауы тиіс, жоғары білімді болуы және 5 жыл жалпы жұмыс өтілі болуы қажет деген талаптар қойылған. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес деңгейде меңгеруі шарт болды. Іріктеуге Президент тағайындаған тұлғалар, саяси қызметшілер, «А» корпусындағы мемлекеттік қызметшілер мен бұрын резервке енген азаматтар қатыса алмады.
– Іріктеу қалай өтеді?
– Жоба биылғы жылы өз бастауын алатын болса pkrezerv.gov.kz арнайы сайтында онлайн қабылданады. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұруы мүмкін яғни: құжаттарды қабылдау, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық тапсырмаларды шешу, құзыреттерді бағалау, сарапшылық комиссиямен сұхбат және Ұлттық комиссияның отырысы. Барлық кезеңдердің нәтижелері сайтта ашық түрде жарияланады.
– Өңірлік деңгейде осындай жоба жүргізілді ме?
– Былтыр өңірлік деңгейде де осындай жобаны ұйымдастырдық. 2024 жылы агенттікпен бірлесіп, Жамбыл облысында Өңірлік кадр резерві жобасы жүзеге асырылды. Іріктеуге 478 адам қатысып, 443-і заңнаманы білуге тестілеуге тіркелді. Іріктеу нәтижесінде 26 үміткер Өңірлік кадр резервіне енгізіліп, бүгінде олардың 7-і мемлекеттік лауазымдарға тағайындалды.
– Жамбылдық жастарға не айтар едіңіз?
– Дарынды, білімді жастар – ел болашағының негізі. Сондықтан да Жамбыл өңірінің жас азаматтарын Президенттік жастар кадр резервіне қатысуға, өз білімдері мен қабілеттерін ел игілігіне жұмсауға шақырамын. Бұл – өзін-өзі дамытуға, жауапты мемлекеттік қызметке жол ашуға берілетін бірегей мүмкіндік.
— Уақытыңызды бөліп, шынайы ой бөліскеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Сұхбатыңызға рахмет!