жексенбі, 30 наурыз, 2025 18:41

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысы өтті

Денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысы өтті
Фото - Jambylinfo.kz
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов төрағалық етті

Жамбыл облыстық қан  орталығының мәжіліс залында денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысы өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Басқосуда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а Ерік Мұсабаев баяндама жасап, халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру, кадр тапшылығын шешу, елдімекендерде нысандар салу сынды бірқатар бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның сөзінше, өңірде өзекті болып отырған маман тапшылығы мәселесін шешу мақсатында былтыр 3 893 медицина қызметкері оқытылып, шетелде 21 дәрігер біліктілігін арттырған.

- 2024 жылы өңірге 90 жас маман келді. Оның 24-і қалада, 66-ы аудандарда қызмет атқарып жатыр. Мамандарды тұрақтандыру мақсатында Жамбыл облыстық маслихатының 2024 жылғы 24 сәуірдегі №14-3 шешіміне сәйкес, жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен біржолғы әлеуметтік қолдау көрсету түрлері санаттарға бөлініп, мөлшері өзгерді. Облыстың ауылдық жерлерінде, кенттерге, моноқалаларға, аудандық маңызы бар қалаларға жіті тапшы мамандар бойынша 8 500 000 теңге, облыстың ауылдық жерлерінде, кенттерге, моноқалаларға, аудандық  маңызы бар қалаларға 1 200 000 теңге, Тараз қаласына 800 000 теңге мөлшері айқындалды,- деді Еркі Мұсабаев.

Алқа отырысында денсаулық сақтау саласына қатысты айтылған сын аз емес. Ауршаңдық деңгейі, ана мен бала өлімі көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Меркі, Талас аудандарындағы емханалар қызметкерлеріне жалақы қарызын жақында ғана төлеген. Ендігі қалып отырғаны - Меркі, Талас, Жамбыл аудандарының емханалары мен облыстық балалар ауруханасының шаш етектен кредиторлық берешегі. Бір ғана Талас ауданының орталық емханасы жеткізуші ұйымдарға 837 миллион теңге қарыз. Медициналық нысанның берешегі өткен жылмен салыстырғанда 120 миллион теңгеге көбейе түскен.

- «Бұл - жалақы, салық және жалпы шығындар есебі дұрыс жүргізілмегеннен туындады»,-деп түсіндірді басқарма басшысының м.а.

Осы орайда облыс әкімінің орынбасары мекеме басшылығы кредиторлық берешекті өтеймін деп, заңсыз әрекетке барып жүрмеуін қадағалауға алуды тапсырды.

Сондай-ақ жиында Серік Сәлемов стоматологиялық жылжымалы кешеннің жұмысын сынға алды. Аталған кешен Талас, Жамбыл ауданында және Тараз қаласында қызмет көрсетеді. Бірақ, тұрғындардың бұған көңілі толмайды екен.

- Бізде балалар стоматологиялық емханасы жеке меншікке берілген. Аудандық емханалармен келісімшарт аясында жұмыс істейді. Сол үшін әр ауданда халық қажеттілігін қанағаттандыруы керек. Бұған сол аудандағы орталық емхана жауапты. Егер медициналық қызмет көрсете алмаса, келісімшартты бұзуы керек. Бұл бойынша алдағы уақытта жұмыс істейміз,- деді Ерік Мұсабаев.

Бұдан кейін облыс бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің басшысы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы баяндама жасап, атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

Жиын қатысушылары баяндамашыларға бірқатар сауал жолдап, ұсыныстарын да айтты.

Алқа отырысын қорытындылаған Серік Сәлемов халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру, сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша жауаптыларға нақты тапсырма жүктеді.

 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар