Депутат Олжас Құспеков Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді
- авторМағжан Орынбасар
- 3 шілде, 2025
- 195

Мәжіліс депутаты бірқатар нысандарды аралап, олардың жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Алдымен мәжіліс депутаты Бесағаш ауылына барып, шекарадағы автомобиль өткізу пунктін салу жобасымен танысты. Оның айтуынша, аталған нысан еліміздің көлік-логистика бағытындағы даму стратегиясының күретамырына айналуы бек мүмкін.
– «Бесағаш» көлік өткізу пункті екі елдің келісімі бойынша салынып жатқан жобаның бірі. Мұнда заманауи технологияны қолдану мен қатар өткізу процестерін жеделдетіп, автоматтандырылған бақылауды жүргізеді. Сондай-ақ жемқорлыққа жол бермейтін пунктің біріне айналады. Жоба құрылысының аяқталу мерзімі осы жылға жоспарланған. Алайда жобаның өзгеруіне, қаражат бөлінісіне, басқа да факторларға байланысты мерзімі ұзарып, келесі жылы қолданысқа беру көзделуде. Менің басты бағытым қорғаныс қауіпсіздігі болғандықтан шекарашылардың мұң-мұқтаждарының ескерілуі, жұмыс барысының жүйеленуі, оларға толыққанды жағдай жасалуы деген секілді бірқатар мәселелерді зерделеп, танысып шықтым,– деді Олжас Құспеков.
Айта кетейік, 2024 жылдың желтоқсан айында құрылысы басталған жобаның жалпы құны 10, 9 миллиард теңгені құрайды. «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Абылайхан Ештайдың айтуынша, құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жүзеге асырылуда.
– Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, «ТаразСтрой» компаниясы өз жұмыстарын толыққанды атқаруда. Бүгінде әкімшілік ғимарат, асхана, гараж секілді нысандардың құрылысы аяқталды. Сонымен қатар аумақтағы жол мәселесі де шешімін тауып, жол төсеу жұмыстары 60 пайызға орындалды. Жалпы алғанда аумақта 15 нысаннның құрылысы жүргізіліп, толыққанды жағдай жасалады, – деді Абылайхан Бақтиярұлы.
Көлік өткізу пунктінің жұмысымен толық танысқан мәжіліс депутаты әрі қарай зерделеу жұмыстарын жалғастырып, ҚР ҰҰ 5513 әскери бөліміне арнайы барды. Әскери бөлім қызметкерлері жауынгерлік дайындық барысындағы атқарылатын шараларды баяндап, жауынгерлік қару-жарақ пен әскери техникалардың жай-күйімен таныстырды.
Осы орайда бөлім қызметкерлері су құбырларының бұзылуы, ғимараттың ескіруі секілді мәселелерді қаузап, өз ұсыныстарын білдірді.
Өз кезегінде халық қалаулысы мәселелер ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
Мұнан соң Олжас Құспеков М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті әскери кафедрасының қызметкерлерімен жүздесіп, нысанның материалдық – техникалық базасымен де танысты. Сонымен қатар оқыту процесінің қалай өтіп жатқанына көз жеткізді.
Депутаттың облысқа сапары ертең Меркі ауданында жалғасады.