Елге заңсыз жолмен мигранттарды кіргізген қордайлықтар ұсталды
- авторМағжан Орынбасар
- 29 қаңтар, 2025
- 93
Елге заңсыз жолмен мигранттарды кіргізген қордайлықтар ұсталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Прокуратура дерегінше, өткен жылы Қордай ауданы Енбек ауылының жанында шекара қызметімен бақылау-өткізу пунктінен тысқары жерде Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен Өзбекстанның үш азаматы ұсталған.
Құқық бұзушыларға қатысты аудан прокуратурасы мен шекара қызметі ҚК-нің 392-бабы 1-бөлігімен қылмыстық істер тіркеп, тергеу нәтижесімен қылмыстық істер аудандық сотқа жолданыпты.
- Сот үкімімен мигранттар 6 айға бас бостандығынан айыра отырып, Қазақстан Республикасы аумағынан 5 жылға шығару жазасы тағайындалды. Кейіннен, аудан прокуратурасының үйлестіруімен құрылған ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен іс материалдары қосымша зерделеу барысында осы шетелдіктермен шекараны заңсыз кесіп өтуін ұйымдастырған 3 жергілікті тұрғын анықталды. Бұл заңсыз көші-қонның тұрақты арнасы ұзақ уақыт бойы әрекет етті. 2025 жылғы 21 қаңтарда ҚК-нің 394-бабының 2-бөлігі бойынша ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды,- делінген хабарламада.
Бұл баптың санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осылайша, Қордай ауданында шекара аумағындағы заңсыз көші-қон арналарының бірі тоқтатылды.