Ербол Қарашөкеев инвестиция тарту бойынша артта қалған Тараз қаласы мен аудан әкімдерін сынға алды
- авторjambylinfo.kz
- 4 мамыр, 2024
- 628
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрғалығымен өткен кеңейтілген әкімдік мәжілісінде 2024 жылдың алғашқы тоқсанының нәтижелері талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, Тараз қаласы мен аудан әкімдері, басқарма және департамент басшылары және құқық қорғау органдарының өкілдерінің қатысты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Аймақ басшысы алдымен 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудағы бірқатар кемшіліктерге тоқталып, облыстың қарқынды дамуы үшін тиімді тетіктерді белсенді пайдалану қажеттігін баса айтты.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева биыл қаңтар-наурыз айларында 193,1 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілгенін, оның ішінде тау-кен өндіру саласындағы өндіріс көлемі 13,4 пайызға артқанын хабарлады.
Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 44,7 млрд теңгені құрап, ет және сүт өндірісі өскен.
Құрылыс (10,6%), байланыс (10,1%), көлік (16,7%), инвестиция (24,4%), пайдалануға берілген тұрғын үй (2,8%) көрсеткіштерінде де оң динамика байқалады.
Басқарма басшысы жекелеген салалардағы төмен көрсеткіштерге тоқталып, жұмыстың толық көлемі орындалмаған аудандардың рейтингісін ұсынды.
Облыс әкімі Меркі, Байзақ, Т. Рысқұлов, Сарысу, Мойынқұм аудандары әкімдерінің есептерін тыңдады.
Ербол Қарашөкеев инвестиция тартудағы кемшіліктерге қатысты Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің, басқарма басшыларының сылбыр жұмысын сынға алды.
"Мемлекет басшысы инвестиция тарту бойынша жұмысты күшейту қажеттігі туралы үнемі айтып келеді. Алайда, жұмыс қарқыны ойдағыдай дей алмаймыз. Барлық кемшіліктерді жоюдың және көрсеткіштерді жақсартудың екі жолы бар, ол – жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды белсенді қолдау және инвестиция тарту арқылы жаңа жобаларды іске асыру. Өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Дегенмен, аудан әкімдері әлі де бұл қарқынға ілесе алмай келеді. Олар бір бағыттағы жобалармен жүр. Мәселен, Меркі, Сарысу, Т. Рысқұлов аудандарында субзоналар салу жоспарланған. Бірақ, Т.Рысқұлов ауданынан еш нәтиже көрмей отырмыз. Инвесторларды өзіміз тауып, оларға қызықты жобаларды ұсынып, кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін де тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, қолдау көрсету керек. Тек сонда ғана оң нәтижеге қол жеткізе аламыз", – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыстық бюджеттің атқарылу қорытындылары туралы қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек баяндады. Аймақ басшысы бюджет қаражатын тиімді және толық игеру бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Басқосу барысында Тараз қаласы мен Жамбыл ауданының әкімдері, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, құрылыс және ішкі саясат басқармаларының басшылары баяндама жасады.
Талқылау қорытындысы бойынша Ербол Қарашөкеев жауаптыларға өнеркәсіпті, бөлшек сауданы дамыту, құрылыс жұмыстарын сапалы және уақтылы аяқтау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
"Әлеуметтік сала да назардан тыс қалмауы тиіс. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек көрсету салаларында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша жұмысты жүйелі жүргізу қажет. Тағы бір маңызды бағыттың бірі – құқық бұзушылықтың алдын алу. Бұл бағыттағы шараларды күшейту маңызды", – деді облыс әкімі.
Кеңес соңында Ербол Қарашөкеев жартыжылдық қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз етуді, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын іске асыруды жалғастыруды, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету бойынша бизнес-қоғамдастық өкілдерін «Береке – бірлікте» акциясына тартуды, мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы инвестиция тарту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырған еді. Бүгінде өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру негізгі міндеттердің бірі. Ол үшін мемлекет басшысы Үкіметке Инфрақұрылымды дамыту жос¬парын әзірлеу туралы тапсырма да берген болатын. Ал «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбатында ірі инвесторлар¬мен осы мәселе пысық¬талып, нақты жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.
«Тағы бір маңызды міндет – инвестиция тарту. Бұл міндетті орын¬дау¬ға жекешелендіру және активтер¬ді қайтару науқандары да септігін тигізеді. Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдейе түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Осы орайда мен жақында Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл штабқа еліміздегі инвес-тициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген», - деген еді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз