«Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығында мерзімді сарбаздары әскери міндетін абыроймен аяқтады
- авторМағжан Орынбасар
- 15 қазан, 2024
- 417
«Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығына қарасты даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригаданың мерзімді сарбаздары әскери міндетін абыроймен аяқтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу – әрбір азаматтың міндеті. Себебі туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш.
Елімізде 18-27 жас аралығындағы денсаулығы жарамды жігіттер міндетті түрде әскерге шақырту алады. Осылайша шақырту алған әрбір азамат Ата заңға сәйкес Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына қабылданып, елдің тыныштығын күзету үшін әскери ант беріп, соған лайық борышын өтейді.
«Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығына қарасты даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригаданың мерзімді сарбаздары әскери міндетін абыроймен аяқтады. Бұл күн сарбаздар үшін, олардың ата-аналары мен ағайын-туыстары үшін тарихи әрі бақытты сәт екені сөзсіз. Жас жауынгерлерді бригада мүшелері салтанатты жағдайда шығарып салды.
Шындығында, мүддесі берік, тәртібі қатал әскери өмірден қашатындар да кездеседі. Әйткенмен Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі екенін ұғынатындар да жетерлік. Солардың бірі – қызылордалық Қасым Әбдіғани.
Сыр елінің тумасы 5-механикаландырылған бригадада мерзімді қызметтен өткен. Былтыр күзде әскерге шақырылған ол әуелі мұндағы өмірге үйренісе алмай, отбасы мен жақындарын сағынғанын жасырмайды. Оның үстіне ерте тұрып, уақытылы ұйықтауға дағдыланбаған оған темірдей тәртіпке бағыну да оңайға соқпаған. Алайда оқу-жауынгерлік процестерден кейін бар қиындық артта қалған.
– Шын мәнінде, әскердегі өмір адамды шыңдайды. Оған өз басым толықтай көз жеткіздім. Бұған дейін үлкендерден, жора-жолдастарымыздан әскердегі қызықтар мен қиындықтар жайлы жиі еститінмін. Әйтсе де естіген мен көргеннің айырмашылығы бөлек екен. Өзім әскерге келгеніме еш өкінбеймін. Әрине, әскерге алғаш келгенде қиын болды. Таңертең тәтті ұйқыны қиып, жылы төсектен ажырау оңайға соқпады. Алғаш қолға мылтық ұстап, нысанаға бағыттаған кезде де үйренісе алмай, кеудемді қорқыныш сезімі кернейтін. Алайда көп кешікпей бұған да үйреніп, қалыптасып алдық. Әскер адамның ойының қалыптасуына, болашаққа үлкен мақсаттар қоюға әсер етеді. Мен секілді жастарды, замандастарымды Отан алдындағы борышын өтеп, елге қызмет етуге шақырамын. Әскерге келгелі спорттық көрсеткішім де жақсарып, дене бітімімді нығайтып, салауаттылықты да серік етіп қайтып барамын, – дейді жас жауынгер.
Иә, әуелгіде әскери өмірге уайымдап, алаңдаушылықпен қадам басқан жігіттер бір жылда әбден шыңдалып, үйіне нағыз азамат болып оралады. Қазір де әскер борышын аяқтаған жауынгерлердің орнына бойын дәл осындай күдік пен үміт билеген сарбаздар келіп жатыр.
Қазақстан мен Армения президенттері келіссөз жүргізді
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылдағы түрмеде Тәуелсіздік күні іс-шаралар ұйымдастырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 17 желтоқсан, 2024