Жамбылда ақын Нарша Қашағанұлының 75 жылдығына арналған әдеби кеш өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 17:36
- 1
Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық кітапханасында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Талас ауданының Құрметті азаматы, ақын Нарша Қашағанұлының 75 жылдығына арналған «Сыр мен саздың саңлағы» атты әдеби-танымдық кеш өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараның мақсаты – қазақ поэзиясында өзіндік үні бар сыршыл ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау, оның рухани мұрасын оқырман қауымға таныстыру және жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.
Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылық жолына қатысты тағылымды естеліктер айтылып, оның замандастары мен әріптестері жүрекжарды ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, ақынның таңдаулы өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер көрермен назарына ұсынылды. Ақынның өз дауысымен оқылған жырлары негізінде дайындалған бейнеролик қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Ақын мұрасы – ұлт руханиятының асыл қазынасы. Нарша Қашағанұлының шығармалары уақыт өткен сайын өз құндылығын жоғалтпай, келер ұрпаққа рухани бағдар болып қала бермек.




