«Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы: Жамбыл облысы бойынша тұрғын үй құрылысының барысы қаралды
- авторjambylinfo.kz
- 6 қыркүйек, 2024
- 321
Жамбылда 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында облыс бойынша тұрғын үй құрылысының барысы туралы мәселе қаралды, деп хабаралайды Jambylinfo.kz.
Amanat партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясы мен өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңестің бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер талқыланып, партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында облыс бойынша тұрғын үй құрылысының барысы туралы мәселе қаралды.
Бірлескен жиында Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов партияның 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы аясында жалпы 103 көрсеткіш бар екеніне тоқталып, өңірлік жол картасының 1 тамызға дейін орындалуы қарастырылған 98 көрсеткішінің 29-ы орындалғанын, ал 69-ы орындалу үстінде екенін айтты. Дегенмен оның 12 көрсеткішінің орындалмау қаупі бар көрінеді. «Биыл жыл соңына дейін 1905 пәтерлі 35 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау міндеті тұр. Жол картасы аясында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына фракция мүшелерін, партиялық бақылау комиссиясын және партактивті жұмылдыра отырып, үнемі бақылауда ұстау қажет. Алдымызда халықтың әл-ауқатын арттыру міндеті тұр. Осы аса жауапты қызметтерде фракция мүшелері белсенділік танытып, жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жұмыс жүргізіп, атқарған жұмыстарын жариялап отырулары тиіс», деген партия төрағасы Жолдау жүктеген міндеттерге де тоқталып өтті.
Еліміз соңғы бірер жылда жаңа кезеңге қадам басып, оның жемісі бүгінгі атқарылып жатқан бастамалардан айқын көрінуде. Осындай игі бастамалардың жалғасы ретінде ел Президенті «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жолдады. Мемлекет басшысы түпкі мазмұны Қазақстанның жаңғыру жолын жалғастыра түсуді айқындайтын бұл құжатта ел дамуы үшін маңызды 9 стратегиялық бағытты айқындап берді. Олардың қатарында ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті арттыру, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру және қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру мәселелері бар. Сондай-ақ, Президент ел экономикасын ілгерілетудің негізгі тетіктеріне тоқталып, шешу жолдарына тоқталды. Оның ішінде, ең маңыздысы әрі мазмұндысы – АЭС салуға қатысты жалпыұлттық референдум өткізу. Енді, бұл бастаманың нүктесін халықтың дауысы шешеді, яғни, референдум 6 қазанда өтеді. Жолдауда Президент ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды екенін де жеткізді. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Бұл орайда, Президент Amanat партиясының бастамасымен Меркі ауданында жүзеге асырылып жатқан «Агросауат» орталығының жұмысын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы сонымен қатар, қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды екеніне баса назар аударып, партиямыздың «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтті. Азаматтарымыздың соңғы жылдардағы тағы бір талабы – әкімдерді тікелей сайлау жүйесін енгізу. Бұл талап та орындалды. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда өңірдегі ауыл әкімдерінің барлығы тікелей сайлау арқылы қызметтеріне кірісуде. Өңірде 2021 жылдан бері ауыл әкімдерінің 158 сайлауы өтсе, оның 147-сінде өзіміздің партияластар жеңіске жетті. Сол секілді өткен жылы пилоттық негізде Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдерін де халық өзі таңдады. Ол саяси науқанда да партия атынан ұсынылған кандидаттар жеңіске жеткенінен хабардарсыздар. Бұл да саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам болды. Мемлекет басшысы осы бастаманың басымдықтарын атап өтіп, алдағы уақытта жаңғырту керектігін жеткізді. Осы ретте Amanat партиясы да еліміздің ең беделді саяси ұйымы ретінде Президент ұсынған реформаларды жүзеге асыруға дайын. Бұл тек бірлік пен ынтымақ, жауапкершілік пен табандылықтың арқасында ғана қол жеткізетін біздің ортақ мақсатымыз, – деді Д.Бейсенқұлов.
Жиында облыс бойынша тұрғын үй құрылысының сапасы туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаев, тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша құрылыс басқармасының бөлім басшысы Дәулет Дайрабаев хабарлама жасады. Д.Дайрабаевтың баяндауынша, үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге облыс бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 38503 азамат тіркелген. Биыл үй кезегіндегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 12,3 миллиард теңгеге 2909 пәтерлі 56 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Тараз қаласының 14-ші жаңа шағын ауданында 800 пәтерлі 22 әлеуметтік-кредиттік тұрғын үйдің құрылысын биыл бастау үшін 5,2 миллиард теңге қаражат бөлінген. Биыл жыл қорытындысымен 2569 пәтерге арналған 51 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Өткен 8 айда бюджет қаражаты есебінен 389 пәтерлі 9 үй және жеке меншік инвестиция есебінен 855 пәтерлі 20 үйдің құрылысы аяқталды. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан республикалық бюджет қаражаты есебінен 4,7 миллиард теңгеге сатып алу құқығынсыз пайдалануға берілетін 354 пәтер сатып алынады Жалпы биыл сатып алу тетігі арқылы 1575 осал топтағы азамат арендалық тұрғын үймен қамтылады. Былтырғы жылмен салыстырғанда пәтер екі есеге, ал қаражат көлемі үш есеге артқан. Бір сөзбен айтқанда, құрылысқа жұмсалатын даму бюджетінің 49,7 пайызы тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.
Бірлескен басқосуда партияның фракция мүшелері Жұмахан Тәнкебаев, Оралхан Дәуітов, Керімқұл Бегалиев, Фарида Жүнісова өңірдегі құрылыс жұмысына қатысты сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз