сәрсенбі, 19 наурыз, 2025 14:50

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда су тасқынын алдын алу мақсатында оқу-жаттығу жұмыстары өтті

Жамбылда су тасқынын алдын алу мақсатында оқу-жаттығу жұмыстары өтті
Фото: Jambylinfo.kz
Тараз қаласында «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті

Төтенше жағдайлар қызметтері су тасқыны кезінде атқарылатын іс-шараларды пысықтап, тактикалық-арнайы жаттығу өткізді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Жаттығудың алдын-ала жоспарына сәйкес, Талас өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан тұрғын үйлерге қауіп төнді. Өзеннің оң жағалауындағы бірнеше үйді су басу қаупі туындап, халықты эвакуациялау қажет болды.

Тұрғындарға дауыс зорайтқыштар арқылы төтенше жағдайдың туралы хабарланды. Эвакуацияланған адамдар №62 орта мектепке уақытша орналастырылып, оларға тамақтану, медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.

Оқу-жаттығу жиынының негізгі мақсаты - азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға дайындау. Сондай-ақ халықты және ел аумағын су тасқыны қаупі жағдайында қорғауды ұйымдастыру жөніндегі басқарушылық шешімдерді пысықтау.

- Бүгінгі оқу-жаттығуға 121 адам мен 24 техника қатысуда. Негізгі мақсатымыз – Талас өзенінің суы арнасынан асып, елдімекендерге жайылып кетуін алдын-алу. Қазіргі уақытта Талас өзенінде секундына 33 текше метр су ағып жатыр. Көктемгі су тасқыны кезінде бұл өзеннің суы бірнеше есе артуы мүмкін деген болжам бар. Сондықтан, оқу-жаттығу жұмыстарын осы жерде өткізіп жатырмыз. Біз қауіптің алдын алу үшін барлық шараларды қабылдауды мақсат етіп отырмыз, - деді облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.

Құтқарушылар су басқан аумақта қалып қойған екі балықшы мен «Нива» көлігінің жүргізушісін аман алып шықты. Сондай-ақ, өрт сөндіру бөлімдері, екі өрт сорғы станциясы, АНР-120 көлігі (секундына 120 литр су айдайды) және бес мотопомпа төтенше жағдайды жоюға жұмылдырылды.

Жедел әрекет ету жасағы судың таралуына жол бермеу үшін бөгет пен жол жабынын нығайтты. Полиция қозғалысты шектеп, экскаваторлар көпір маңын тазалады.

Оқу-жаттығуға ТЖД, Ұлттық ұлан, Полиция департаменті, медициналық қызмет, «Қазселденқорғау» және жергілікті атқарушы органдардың қосымша күштері қатысты. Барлығы 121 маман мен 24 техника жұмылдырылды.

Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ербол Амиров оқу-жаттығудың мәні мен маңызын түсіндірді.

— Бүгін ел аумағы бойынша республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара Таразда жалғасын тауып жатыр. Тактикалық ой бойынша Қырғыз Республикасында орналасқан «Шон-Қақпа» су қоймасынан көп мөлшерде су келген жағдайда өзеннің арнасынан тасу қауіпі туындауы мүмкін. Осыған байланысты арнайы оқу-жаттығу жұмыстарын өткіздік. Жиынға жергілікті атқарушы орган өкілдері, полиция департаментінің өкілдері және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштік құрылымдары тартылды. Оқу-жаттығуға 121 адам, 24 техника қатысуда. Қазіргі уақытта Талас өзенінің арнасын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бөгеттің биіктігі он метр, ұзындығы 374 метр, - деді ол өз сөзінде.

Бұл оқу-жаттығу көктемгі су тасқынына дайындық деңгейін көрсетіп, төтенше жағдайлар қызметтері мен ведомстволардың үйлесімді жұмысын тағы бір дәлелдеді.

 

Бақытжан Бекболат

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар