дүйсенбі, 27 қаңтар, 2025 4:04

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда - Рауан Садырқұлов

Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда - Рауан Садырқұлов
Ашық дереккөз
Облыс аумағында бүгінгі күні кәмелетке толмағандар саны 463 618-ді құраса, оның ішінде 1 199 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар

Білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов облыста кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

2024 жыл – Қазақстанда құқықтық базаны нығайту тұрғысынан маңызды жыл болды. Қабылданған үш негізгі заң елдің болашағы саналатын балалардың құқығын қорғау мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған пәрменді тетіктерді енгізді. 

 

Өңірдегі кәмелетке толмаған балалар саны облыс халқының 41%-ын құрайды. Осындай жоғары көрсеткіш балаларға ерекше көңіл бөлуді талап етеді, ал мемлекет тарапынан қабылданған кешенді шаралар осы міндетті мүлтіксіз орындауға бағытталып отыр. Білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша қабылданған ҚР Заңының маңызды бастамасы – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қоғамға бейімдеу үшін тәлімгерлер институтын құру болды. Өңірдегі 1 199 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 726-сы мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлермен қамтылған. Сонымен қатар, балалардың қалаулары бойынша қосымша үйірмелерге және секцияларға барады,- деді ЖО әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов. 

Облыстағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 783 отбасындағы 1092-і баланың 812-і туыстарына және 280-і бала асырап алушы үміткерлерге берілген. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1020 баланың денсаулық жағдайы жақсы, 79 баланың  денсаулықтарына байланысты медициналық есепке алынған. 2023-2024 оқу жылын жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 161 бала 9-сыныпты аяқтап, 105-і колледжге, 55-і 10 сыныпта,  60 бала 11-сыныпты аяқтап 44-і жоғарғы оқу орнына, 14-і колледжге түсті.

 

Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқықтық жазаны күшейту мен әкімшілік жауапкершілік енгізу маңызды қадам болды. Балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін өңірде бірқатар жобалар іске асырылуда, соның ішінде «Бестерек», «Komek Stop Bullying», «Психологиялық қызмет HR+», АИК және «KiVa» бағдарламалары ерекше рөл атқарады. 2025 жылдан бастап мектептер мен колледждерде республикалық бірыңғай «111» байланыс орталығына жедел хабарласуға мүмкіндік беретін QR-кодтар енгізілді. Сонымен қатар, Білім басқармасы жанынан Психологиялық қолдау орталығы ашылып, психолог мамандардың біліктілігін арттырумен қатар, оқушылар мен ата-аналарға 24/7 режимде тегін көмек көрсететін сенім телефоны ұйымдастырылды. Жалпы, Жамбыл облысында қабылданған шаралар балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғаудағы кешенді және жүйелі жұмыстардың көрсеткіші болып табылады. Балалардың құқығы қорғалған, дені сау және бақытты ұрпақ тәрбиелеу – еліміздің жарқын болашағының кепілі,- деді Рауан Садырқұлов. 

Бөлісу:
Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар