Жамбыл жаңалықтар
Өкпесі 90 пайыз зақымданған тараздық індетті жеңіп шықты
- авторjambylinfo.kz
- 18 тамыз, 2021
- 190
Өкпесі 90 пайыз зақымданған тараздық індетті жеңіп шықты
Тараз қаласының жастағы тұрғыны, өзінің туған күнінде қалалық көпбейінді ауруханадан сауығып шықты. Тура бір ай бойы коронавируспен алысқан ол, шілде айының ортасында өкпесінің 90 пайыз зақымдануымен ауруханаға ауыр халде түскен.
Екі апта бойы жансақтау бөлімінде жатып, жасанды желдету аппаратында бес күн, өкпені инвазивті емес желдету аппаратында үш күн ем қабылдаған.
«Коронавирусқа шалдыққан науқастармен тікелей қарым-қатынасқа түскен жоқпын, дегенмен өзім базарда сауда-саттықпен айналысамын, онда адам көп, олардың вирус жұқтырған-жұқтырмағанын білмейсің. Шілденің басында ауырып қалдым. Дертті базардан жұқтырдым, себебі қонаққа барған жоқпыз, жақындарымды көрмегелі бірнеше ай болды. Тек телефон арқылы хабарласып тұрамыз. Алдымен әлсіреп, тоңып, дірілдей бастадым. Бірнеше күннен кейін иіс пен дәм сезбей қалғанымда, Covid жұқтырғанымды түсіндім. Үйде бірнеше күн емделіп, жөтел үдеп, қан аралас қақырық шыққан соң, жедел жәрдеммен ауруханаға келдім. Мен өз-өзіме келе алмай, тыныс алу аппаратында жатып, о дүниені көрдім десем болады. Маған екінші өмір сыйлаған ақ халатты абзал жандарға мың алғыс. Ковидке әлі де сенбейтін адамдарға айтарым: вакцина салдыртыңыздар, денсаулыққа артық қауіп төндірудің қажеті жоқ», – дейді ол.
«Пациенттің сауығуы бір ғана дәрігердің емес, науқастың өзінің емделуге деген ынтасына да байланысты. Короновируспен ауырған адам бар күшін осы дертті жеңуге жұмсауы тиіс. Ағза әлсіреп қалады, сондықтан өзін-өзі күтіп, қалыпқа келтіру қажет. Ол үшін той-томалақтан, жиындардан, адам көп шоғырланатын орындардан бас тарту керек. Дәруменге бай тамақтарды ішіп, ұйқыға мән беру, таза ауада серуендеу, спортпен шұғылдану, салауатты өмір салтын қалыптастыруға көп көңіл бөлу керек», – дейді емдеуші дәрігер Парида Құрманбаева.
Аурухана қызметкерлері ауруынан айығып шыққан туған күн иесін үйіне шығарып салды әрі оны дүниеге келген күнімен құттықтады.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз