Құланда мал бордақылау және мал сою алаңы ашылды
- авторjambylinfo.kz
- 24 қараша, 2020
- 431
Құлан ауылының құрметті ардагері, жеке кәсіпкер, «Дәулетбай» шаруа қожалығының басшысы Үмбет Жанаділов талай жылдан бері ауылшаруашылығы саласын алшаң бастыруға ерекше үлес қосып келе жатқан жандардың бірі. Құланның қазыналы қариясына айналған ақсақал бүгінде жеке ісін дөңгелетіп, өз кәсібінен нәсібін тауып жүрген жайы бар. Дәл қазіргі таңда ақсақалдың меншігіндегі шаруа қожалық егін және мал шаруашылығымен, төрт түлікті бордақылаумен айналысады. Онда 10 адам тұрақты түрде жұмыс жасаса, маусымдық кезеңдерде жұмысшылар саны екі есеге ұлғаяды. Үмбет Дәулетбайұлының ықпалымен 2004 жылы құрылған кәсіпорын бүгінгі күнге дейін үй жануарларына қажетті азықтың бірқатарын өндіріп, нарыққа шығарып, саудалап келеді. Сонымен қатар, Үмбет ақсақалдың кәсіпорыны аудан тұрғындарынан төрт түліктің жүні мен терісін де қабылдайды. Өз кәсібін кеңейтуді көздеген кәсіпкер қалтасынан 253 000 000 теңгеге жуық қаражатын жұмсап, жуырда мал сою алаңын да ашты. Барлық санитарлық талаптарға сай келетін мал сою алаңы заманауи үлгіде жабдықталған екен. Онда бір мезетте 6-7 ірі-қараны немесе бір тәулік ішінде 500 басқа жуық ұсақ малды союға болады. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш кәсіпорын жылына 500 тонна ет өнімін дайындауға қауқарлы. Кешеннің өзінің тоңазыту камерасы, таразыға тарту бөлмесі мен қасапшыларға арналған демалыс орындары да бар. Нысанға қажетті қондырғыларды алу үшін Алматы қаласындағы «ҚАЗТЕХПРОМ-СЕРВИС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалынып, техникалық құрылғылар жақын арада келеді деп күтілуде. Аталмыш мәліметтердің барлығын бізге шаруа қожалық басшысы Үмбет Жанаділов пен оның ұлы Мүслім Жанаділов мәлімдеп берді. Сондай-ақ, қожалық жетекшілері нысанның мал бордақылау алаңы да толықтай жұмыс істеп тұрғанын айтып, бүгінгі таңда онда 200 бас қой, 16 жылқы, 24 ірі-қара бордақыланып жатқанын тілге тиек етті. Аталмыш нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов және бірқатар бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Сонымен қатар, іс-шараға облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов та арнайы келіп, нысанның алдағы уақытта атқаратын жұмыстарымен танысты. Ашылу салтанатында ауылшаруашылығына қатысты келелі ойлар, ұтымды ұсыныстар да айтылды. Мәселен, аудан әкімі Ерболат Садырқұлов инвестициялық жобаның аудан экономикасына тигізер пайдасы зор екендігін айтып, кәсіпорын толықтай жұмыс істей бастағанда жылына 500 тонна ет, 20 000 дана тері, 500 тонна жүн дайындайтынын атап өтті. «Бұл жобаның екі бірдей ұтымды тұстары бар. Біріншіден, біз аудандағы ұсақ мал сою алаңдарын орталықтандырып, оларға барлық санитарлық талаптарға сай келетін осындай нысанның жұмысын ұсына аламыз. Ол үшін біз бөлім басшыларымен, кәсіпкерлермен бірлесіп, ауданда үш бірдей мал сою алаңын дайындадық. Алдағы уақытта кез келген жерде ет өнімі дайындалмайтын болады. Екіншіден, осы жоба арқылы біз нарықтағы бағаны тұрақтандырып, ортадағы делдалдардың жұмыстарына тұсау салатын боламыз. Осы арқылы қарапайым тұрғындардың табысын арттыра аламыз» деп өз ойын білдірді. Жиында аудан әкімінен бөлек келген қонақтар да сөз сөйледі. Кейіннен нысанның лентасы қиылып, қонақтар мал сою алаңын аралады. Аралау кезінде табысты арттыру, өнімді өткеру және шет ел нарығына шығару жолдары сөз болды. Жиын соңына қарай аудан әкімі осы іске бастамашыл болған жандарға алғысын айтып, Үмбет Жанаділовтың жаңа бастаған ісіне сәттілік тіледі.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Қазақстанда өлім жазасы алынып тасталатын болады
Ұқсас жаңалықтар
Қордайда «Тәртіпті өзіңнен баста!» атты жастар форумы өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 27 желтоқсан, 2024