жұма, 27 желтоқсан, 2024 10:07

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қаракемерге газ кірді

Қаракемерге газ кірді
ашық дереккөзі
Қаракемерге газ кірді

«Көгілдір отынға қолы жеткен қаракемерліктер риза!!!». Бұл Қаракемер ауылына кіреберісте ілініп тұрған баннерде жазылған сөздер. Құдды бір бүкіл ауылдың қуанышын білдіріп тұрғандай. Солайы солай. Ауылға көптен күткен газ келді. Қалай қуанбайсың?! Әрине, қуанасың ғой. Ауыл тұрғындарының арманы, талап-тілегі орындалды. Ауылдағы 300 аулаға түгелдей газ кірді.

8 жыл бойы түрлі деңгейде көтерілген көгілдір отын мәселесі осы жылы шешімін тапты. «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асты. Мемлекет тарапынан, республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. «Газ-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 182 млн 270 мың теңгеге 13 км 149 метр шақырымды құрайтын жерасты құбырларын, құрылыс жұмыстарын жүргізді. Мамыр айында басталған жұмыс дүйсенбі күні мәресіне жетті. Құрылыс жұмыстары аяқталып, ауылда газ қосылды.

Дәл қазір «Жамбыл-Жылу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жерасты тартылған газ құбырына көшелер бойында орналасқан аулаларды қосып, үй ішіне газ тартып жатыр. Құны – 100 мың теңге. Басқа өңірлерде 300 мыңнан кем емес екен. Бұл жайында серіктестік директоры Дастан Рсалиевтің өзі айтты.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Қыдыралыұлы, аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиев, облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік каракемерліктердің қуанышына ортақ болып, жылы лебіздерін жеткізді. Ауыл қариясы Ахатай Балқыбеков көпшілікке ақ батасын берді. Аудан басшыларына, ауылға газ кіруіне атсалысқан, ықпал еткен, қолдау білдірген азаматтарға, айлар бойы аянбай еңбек еткен құрылысшыларға ауылдастарының атынан алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Қаракемерліктердің қуанышының куәсі болған біз алтын құрсақты батыр ана, ақжаулықты әже, алтын алқа иегері Алшакүл Қалыбаевамен сұхбаттастық. Апамыздың қуанышында шек жоқ. Бәріне рахмет айтып, ізгі тілегін арнады.

– Шырағым! Мен 86 жастамын. 10 баланың анасымын. Қаракемерге келін болып түскеніме 70 жыл болыпты. Содан бері ауылдамын. Еш жаққа кеткенім жоқ. Ауылымыз Құдайға шүкір дамып келеді. Міне, бүгін ауылға газ келді. Бұл да болса біз үшін үлкен қуаныш. Бәріне рахмет айтқым келеді. Мемлекетке, облыс, аудан басшыларына, ауыл әкіміне, жергілікті әкімшілік қызметкерлеріне рахмет. Nur Otan-ға да рахмет! Өркендері өссін. Ел үшін қызмет етіп жүре берсін. Еліміз дамысын, анау, отыз елдің қатарына кіреміз деп жүрміз ғой. Соның қатарына кірейік, болашақта соларға үлгі болатын ел болайық, – дейді әжей ағынан жарылып.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар