«Мәңгілік тағзым» акциясы аясында еске алу шарасы ұйымдастырылды
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 17:43
- 71
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен өткізіліп жатқан «Мәңгілік тағзым» акциясы аясында Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құрамы ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған тағылымды шара өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шара барысында департамент қызметкерлері батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оның жарқын бейнесі мен ел тыныштығы жолындағы ерлігін құрметпен еске алды. Сонымен қатар, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің рухына тағзым жасалды.
Шара барысында Ғазиз Байтасовтың ерлігі мен Отан алдындағы адал қызметі жайында айтылып, қызметтік борышты абыроймен атқарудың маңыздылығы атап өтілді. Қатысушылар батырдың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жанқиярлығы мен батылдығына ерекше тоқталды.
Ғазиз Байтасовтың ерлігі – өскелең ұрпаққа үлгі болатын тағылымды жол. Ел қауіпсіздігі жолында жанын қиған батырдың есімі халық жадында мәңгі сақталады. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін арттыру көзделуде.
«Мәңгілік тағзым» акциясы алдағы уақытта да жалғасып, ерлікпен қаза тапқан қызметкерлердің есімін ұлықтауға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілетін болады.






