Мәжіліс депутаттары Байзақтағы озық агротехнологиямен танысты
- авторБақытжан Бекболат
- 26 сәуір, 2025
- 231

Мәжіліс депутаттарын қожалықтың басшысы Дәурен Конкашев қарсы алып, шаруашылықта енгізілген жаңа су үнемдеу технологиялары туралы жан-жақты ақпарат ұсынды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жоба шеңберінде суды тиімді пайдалануға бағытталған заманауи әдістер қолданылуда, соның ішінде тамшылатып суару және автоматтандырылған су реттеу жүйелері ерекше назар аудартады.
"Qazmeatexport" жобасы ауыл шаруашылығында су шығынын азайту арқылы өнімділікті арттыруға және қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік беруде.
Депутаттар бұл тәжірибенің өзектілігін атап өтіп, су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған жобалардың ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, өңірдегі өзге шаруашылықтарға осындай тиімді технологияларды енгізудің қажеттілігі туралы пікір алмасты.
Қожалықтың жалпы жер көлемі 250 гектарды құрайды, оның ішінде 222 гектар егістік алқабы бар. 2024 жылы егілген дақылдар: қант қызылшасы – 100 гектар, кепжылдық шөп – 100 гектар. Шаруашылықта 4 адам тұрақты түрде еңбек етеді, олардың орташа жалақысы 120-150 мың теңге аралығында.
Ауыл шаруашылығы техникасы ретінде тракторлар мен тіркемелі техникалар пайдаланылуда, жалпы саны 4 дана. 2025 жылғы егіндіктің жоспарлары: 30 гектар қант қызылшасы тамшылатып суару әдісімен, 100 гектар арпа және 100 гектар кепжылдық шөп жанбырлатып суару әдісімен егілмек.