"Менің әлемім": Таразда жас шеберлер мен суретшілердің өнері тоғысқан көрме ашылды
- авторБақытжан Бекболат
- 14 сәуір, 2025
- 194

2025 жылдың 14 сәуірінде «Көне Тараз» этно-мәдени кешені аумағындағы «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған облыстық «Менің әлемім» бейнелеу және қолөнер көрмесі өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жобаның басты мақсаты — балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін қолдап, олардың өнерін кең аудиторияға таныстыру, сондай-ақ олардың тұлғалық әрі рухани дамуына жаңа серпін беру.
Көрмеге Тараз қаласы мен облыс аумағындағы білім беру және шығармашылық орталықтарынан келген оқушылар мен студенттердің еңбектері ұсынылды. Олардың қатарында «Torri ART» шығармашылық студиясы, «Вундеркинд» балаларды дамыту орталығы, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары, Техникалық шығармашылық орталығы, «Мерей» студиясы, №40 және №41 гимназиялар, №42 және №66 орта мектептер мен Амангелді ауылының білім ордалары, сондай-ақ Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің студенттері де бар.
Көрменің салтанатты ашылуында бірнеше қонақ сөз сөйледі. Олардың қатарында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жиынақбаева, керамист-суретші, «Арт Тараз» Суретшілер одағының және облыстық қолөнершілер одағының мүшесі Индира Губашева, сондай-ақ №40 гимназияның көркем еңбек пәні мұғалімі Татьяна Вотинцева бар.
Көрмеге қойылған жұмыстарда балалар мен жасөспірімдердің әлемді өз көзқарастарымен, түйсік пен жүрек сүзгісінен өткізіп жеткізуге деген ұмтылысы айқын сезілді. Түрлі этнос өкілдерінің балалары өздерінің ұлттық ерекшеліктері мен дүниетанымдарын біріктіріп, «ортақ әлем» идеясына үн қосты.
«Менің әлемім» — бұл жай ғана көрме емес. Бұл – ұрпақтар арасындағы рухани үндестік, мәдениеттер арасындағы үндесу алаңы. Бұл – балалардың өз дарынына сенуіне, өнердің қоғамдағы маңызын сезінуіне мүмкіндік беретін платформа.
Көрме Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін 14-15 сәуір күндері жұмыс жасайтын болады.