сенбі, 23 қараша, 2024 16:37

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Меркіліктер қант қызылшасынан мол өнім жинады

Меркіліктер қант қызылшасынан мол өнім жинады
ашық дереккөзі
Меркіліктер қант қызылшасынан мол өнім жинады

Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев демалыс күніне қарамай Меркі ауданына іссапармен барып, аудандағы қант қызылшасының жиын-терін жұмыстарымен, қант зауытының жағдайымен танысып қайтты.

Меркі ауданы тәтті түбір егетін шаруалардың көптігімен белгілі. Өйткені, облыс бойынша жиналатын балтамырдың 50 пайызы осы өңірде өсіріледі. Биылғы жылы ауданда 49 шаруа осы дақыл түрін егіп, өнім жинауда. Ауа райының қолайлығы мен ағынсудың жеткілікті мөлшерде берілуі диқандар жұмысын алға ілгерілетті.

5 қазаннан бастан қант қызылшасы қазығын бастаған шаруалар осы жексенбі күні жиын-терін жұмыстарын тәмамдады. Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев барған «Райымбек» шаруа қожалығының басшысы Әпен Байымбетов 13 гектар жерге егілген қызылшаның әр гектарынан 50 тоннадан өнім жинаған.

 width=

– Біз отбасымызбен үш жыл бойы осы шаруашылық түрімен айналысып келеміз. Бұрындағы жоңышқа, арпа-бидай егіп көрдік. Қант қызылшасын өсіру – өте табысты кәсіп. Осы уақыт ішінде қыр-сырын да меңгеріп алдық. «Тиссерин» сұрыпты тұқымды егеміз. Биыл өнімділік өте жоғары. Арық суынан бөлек алқап басынан екі жерден жерасты суын шығарып алдық. Оған дизельді мотор қосып, тәтті түбірді суардық. Төгілген тер мен еңбектің арқасында осындай жеміске, жеңіске, табысқа жеттік, – дейді шаруашылық төрағасы Әпен ағамыз.

Биыл қант қызылшасые егумен айналысатын шаруалар қауымдастыққа бірігіп, бір-біріне барынша демеу болуда. Көрші Байзақ ауданының шаруалары техникаларын жіберіп, дақылды тездетіп жинап алуға қол ұшын берсе, аудандағы ірі шаруашылықтар – «Сыпатай батыр» мен «Трансфер» өз алқаптарындағы жұмыс біткеннен соң 10-30 гектарға дейін еккен кәсіпкерлерге дақылды жинайтын комбайны мен трактор, жапырағын шапқыш агрегаттарын жалға берген.

 width=

Берік Болатұлы «Райымбек» шаруа қожалығынан кейін «Жылыбұлақ Меркі» ЖШС қант қызылшасы алқабындағы жұмыстармен танысты. Аудан бойынша 85 гектар жерге тәтті түбірді орналастырып, гектарына 500 центнерден өнім жинаған шаруашылықта еңбек ететін алқап бригадирі Сандыбай Қозыбақов:

– Осы жерде 15-ке жуық адам еңбек еттік. Шаруа жұмысының нәтижесі өнім жинағанда білінеді. Биыл табысты жыл болды. Өнімділік жоғары. Өкінішке орай, бір алқапта су жетіспеушілігі болды. Онда өнімділік мүлдем аз. Ауа райы келесі жылы да осындай болса деген ниетпен алқапты кеңейтіп, жұмыла еңбек етуге дайындық үстіндеміз, – деді.

Шаруалардың жұмыс жағдайымен танысқан соң облыс әкімінің орынбасары Б.Нығмашев қант зауытының қызылша қабылдау, шикізатты өңдеу жұмыстарын көрді. Кәсіпорын өкілі Бауыржан Мазбаев зауыттың жағдайын баяндап, қант қызылшасын қабылдау өз деңгейінде өткенін жеткізді.

 width=

– Қызылша қабылдау пунктінің жұмысы тиянақты жүргізілді. Ауданда өсірілген тәтті түбірдің 90 пайызын қабылдап алдық. Енді көрші Қордай ауданынан 45 гектардай жерден өнім келеді деп күтудеміз.

Жүккөліктерін кезек күттірмей, жұмысты барынша жылдамдатып жүргіздік. 29 қазаннан бастап зауытты іске қостық. Шикізатты өңдеу басталып кетті. Биылғы жылы қанттың бағасы көтерілді. 260-300 теңгеге дейін сатылымда тұр. Бағаның көтерілуіне байланысты биылғы жылы шаруалар алдында берешегіміз болмайды деп сендірудеміз. Былтыр қант бағасы 160 теңгеге дейін түсіп кеткен еді. Осылайда біраз шығынға жол берілген-ді. Қазіргі уақытта бір ғана шаруалышылықтың өтемақысы төлеген жоқ. Ол – «Сыпатай батыр» шаруа қожалығы. Оған 89 миллион теңгедей берешегіміз бар. Шаруашылық төрағасымен келісімге келдік. Жақын арада толық өтейміз, – деді Б.Мазбаев.

Зауыттың әрбір бөлімі мен секциясын аралап шыққан соң Берік Болатұлы Мейірбек Лекеровтың шаруасымен танысуға арнайы барды. 2019 жылы Ресейден 50 бас герефорд тұқымды сиырды сатып алған ол мал шаруашылығын дамытуда. Кәсіпкердің айтуы бойынша, мемлекеттің көмегінсіз, өз еңбегімен жинаған қаражатына мал сатып алған. Қазіргі күнде сиырлар екінші рет бұзаулап, мал басы артуда.

Сүт бағытын ұстанған шаруашылық басшысы алдағы уақытта инновациялық тың өзгеріс жасау арқылы мемлекет қолдауына ие олып, ірі қараларын 400-ге жеткізуді жоспарлап отыр екен.

 width=

– Бізге ең үлкен қиындық тудырып отырған мәселе – жердің жоқтығы. Жем-шөп жылдан жылға қымбаттап барады. Егер егістік жер болғанда қажетінше мал қорегін жиып алар едім. Ол үшін техника да, қаражат та бар. Аудан әкімдігіне қайырылып, конкурсқа қатысуға ниеттімін. Дегенмен, егер ұта алмасам, жерді сатып алуға тура кеп тұр, – деді шаруа.

Өз кезегінде аймақ басшысының орынбасары жергілікті атқарушы орган өкілдеріне:

– Жер мәселесін көтерген кәсіпкерге тездетіп жер тауып беруге тырысу керектігін айтты. Сатып алуға қаражатым бар деп тұр. Мемлекеттік теңгерімдегі жер болмаса, сатып алуға мүмкіндік жасау керек, – деді.

Ауданға арнайы келген Б. Нығмашев әрбір шаруаның мәселесі назардан тыс қалмайтынын айтып, барынша мемлекет тарапынан көмек, қолдау жасауға тырысатынын жеткізді.

 

Ләззат Құралбаева, Меркі ауданы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар