жұма, 27 желтоқсан, 2024 20:09

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Мейірім мен жылу қанымызда бар»: Тараздық азамат 7 жылдан бері донор болып жүр

«Мейірім мен жылу қанымызда бар»: Тараздық азамат 7 жылдан бері донор болып жүр
Сурет: Юрий Ким
Шыңғысбай Сәкенұлы қан ғана емес, тромбоцит те тапсырады

Бүгін Таразда Дүниежүзілік донорлар күніне орай, Жамбыл облыстық қан орталығында донорларға құрмет көрсетілді. 7 жылдан бері донор болып келе жатқан тараздық Шыңғысбай Сәкенұлы мейірімділік халқымыздың қанында барын айтады, деп  хабарлайды jambylinfo.kz.

32 жастағы донор Шыңғысбай Сәкенұлы 2017 жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып келеді.

«Қан орталығынан өздері хабарласып тұрады. «Жаңа туған сәбиге шұғыл қан керек» немесе «босанған әйелдің қаны тоқтамай жатыр, оның өмірі қыл үстінде тұр, Сіздің қан тобыңыз сәйкес келеді, тез арада жетіңіз» деген хабар алсам, жұмыстан сұрансам да, жеке шаруаларыммен жүрсем де, әйтеуір бір амалым тауып, орталыққа шұғыл жетемін», - деді ол.

Бір айта кетерлігі, Шыңғысбай Сәкенұлы әдеттегі донорлар сияқты қан тапсырып қоймайды, жарасы жазылмай жатқан науқастарға тромбоцит те тапсырады.

«Иә, басында тромбоцит дегеннің не екенін білген жоқпын. Кейін осындағы қызметкерлер бәрін түсіндірді. Тромбоцит дегеніміз – қандағы сарысу екен. Біз қанды ауырып жатқан адамдарға тапсырсақ, тромбоцитті жарасы жазылмай жатқан науқастарға тапсырамыз. Бүгінге дейін 20 аса тромбоцит тапсырыппын. Себебі, қанға қарағанда, тромбоцитке сұраныс өте жоғары.  Жалпы, қанды әр 3 ай сайын тапсырсам, тромбоцитті араға 1 ай салып тапсыра беремін», - дейді ол.

Сонымен қатар, донор тұрақты түрде қан тапсыру адам денсаулығы өте пайдалы екенін алға тартып, адамдарға жаңа өмір сыйлау шексіз бақыт екенін тілге тиек етті.

«...7 жылдан аса уақыт донор болсам да, қанымыз кімге құйылып жатқанын білмейміз. Бүгінгі мерекелік шарада қаншама жандарды көріп, олардың өміріне араша түсіп жүргенімізге көз жеткізіп, жүрегіміз толқып жатыр. Жаңа бір апамыз сөз сөйлеп, немересі 4 жасынан бері осы орталықтан қан алғанын, қазір немересі студент екенін айтып, бәрімізді алда оның тойына шақыратынын айтты. Қандай тамаша сәт...  Шынында, мына әлемді мейірім ғана құтқарады. Ал мейірімділік қазақтың қанында бар»,  -деді Шыңғысбай Сәкенұлы ағынан жарылып.

Айта кетейік, бүгін Жамбыл облыстық қан орталығында донорларға құрмет көрсетіліп, біраз азаматтарға «Алғыс хат» табысталды.

 

Индира Тәліпқызы
Автор

Индира Тәліпқызы

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар