«Неге қадағаламайсыңдар?». Мәжіліс депутаты мектеп құрылысын кестесіз жүргізіп жатқан мердігердің жұмысын сынға алды
- авторМағжан Орынбасар
- 3 шілде, 2024
- 522
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров Тараз қаласындағы №15 мектепке жапсарлас салынып жатқан құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгінде 781 оқушы білім алатын №15 мектепке ғимарат тарлық етіп келген. Енді міне, биыл облыстық бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлініп, 300 орындық ғимарат салынып жатыр. Келісім-шартқа сай, құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталуы тиіс. Өңірге арнайы іс сапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров құрылыс басына арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Мамыр айында басталған шаруа кенжелеп келеді. Осыны ескерген депутат жұмыс кестесімен таныспақ болып еді. Мердігерде ондай дүние жоқ екен. «Ерекше» құрылысшылар осылайша мәжілісменді таңдай қақтырды. Мұқаш Ескендіров құрылыс басқармасынан қадағалау жағы ақсап тұрғанын айтты.
- Келісімшарт ақпан айында жасалған. 22 мамырда құрылыс басталған. 724 млн теңге аванс беріліпті. Неге қадағаламайсыңдар ? Мына жерде бір кран және бір арнайы техникамен 10-12 адам ғана жұмыс істеп жатыр. Осыны дұрыс ұйымдастырыңыздар. Кірпіштерді қалау жұмысын бастау керек. Жұмыс кестесі де жоқ. Ол кабинетте тұрмайды. Құрылыс басында кесте болуы керек. Мен соны сұрадым, бере алмай отырсыздар,- деді Мұқаш Ескендіров.
Сонымен қатар, депутат 300 орындық ғимарат үшін бөлінген қаражаттың көп екенін атап өтті.
- №15 мектепке жапсарлас салынып жатқан ғимаратттың құны 2,6 млрд теңге. 300 орындық нысан үшін бұл өте көп қаражат. Қазір «SHEBERBULD» деген компанияның жұмысын көрсеңіздер, адамдары жоқ. Қазір маусым айы басталды. Қараша айында аяқтауы керек. Бірақ, менің пікірімше, бұлар күзде күн суығанда құрылыс созылып, жұмыстың сапасы болмайды. Осылай қауіп тудырып тұрғандықтан осыны біз қазір қарап, жұмысты жолға қоюға ат салысып жатырмыз,- деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.