сейсенбі, 16 шілде, 2024 20:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жеңімпаз оқушылармен кездесті

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жеңімпаз оқушылармен кездесті
Сурет: jambylinfo.kz
Кездесуге 124 дарынды оқушы қатысты

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарының жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды jambylinfo.kz

Жамбыл облысындағы ізденімпаз оқушылар республикалық «Зерде» конкурсында 18 медаль иеленсе, «ProEco» экологиялық жобалар конкурсына қатысқан 3 оқушы да жеңімпаз атанған. Тізе берсе тізбек үзілмейді. Халықаралық байқауларда топ жарған жампоздар да бар. Осындай жетістіктерді облыс әкімі өз сөзінде атап өтті.

«Осы кездесуге келіп отырған дарынды оқушыларымыз биыл халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 331 медальді иеленді. Оның ішінде, 54 медальді- Халықаралық білім жарыстарында алғаны бәрімізді қуантады. Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы осымен он бес  жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленді. Сондай-ақ, республикалық олимпиада қорытындысы бойынша биыл «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды. Бұл - Сіздердің еңбектеріңізге берілген лайықты баға»,- деді Ербол Қарашөкеев.

Ғылыми жобалардан бөлек, Абай, Мағжан, Ілияс, Әбіш оқулары сынды байқауларға биыл 89 оқушы қатысып, оның 53-і жеңімпаз атанған. Облыс әкімі кездесуге қатысып отырғандар арасында мектеп бітіруші 37 түлек барын атап өтіп,  олардың грант иегері атануына тілектестігін білдірді. Осы орайда шетелдің оқу орындарына грант жеңіп алған түлектер де бар.

«Қазірдің өзінде сіздердің араларыңызда отырған 13 түлек Оңтүстік Корея мемлекетіндегі UNIST университетінің, КИМЭП, Назарбаев Университеті, Қазақ-Британ Техникалық Университеті, Халықаралық ІТ университетінің, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының грант иегерлері атанып отыр»,- деді облыс әкімі.

Бұдан соң облыс әкімі дарынды оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Кездесу барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев дарынды жастарға алғыс айтып, 100 мың теңгенің сертификатын сыйлады. Ал, жеңімпаз оқушыларды дайындаған 11 мұғалімге «Құрмет» грамоталарын тапсырды.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар