
Жаңа баспанаға 144 отбасы қоныстанды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Салтанатты рәсімге аудан әкімі Бегзат Болатбеков қатысып, тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады.
– Халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету, оларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басты міндеттерінің бірі. Бүгін пайдалануға беріліп отырған тұрғын үйлер – Мемлекет басшысының әлеуметтік бағыттағы саясатының ауданымызда нақты жүзеге асып жатқан айқын дәлелі. Бұл – елдің қамын ойлаған бірліктің, тұрақтылықтың жемісі деп білемін. Жаңа қоныс баршаңызға құтты болсын! – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Жаңа тұрғын үйлер Қордай ауылының «Шығыс» шағынауданында орналасқан. Барлық пәтерлер екі бөлмелі, олардың құрамында жатын және қонақ бөлмелерімен қатар, ас үй мен санитарлық торап қарастырылған.
Салтанатты шара барысында жаңа тұрғындардың бірі – Карина Қасымбекова сөз алып, өзінің әсерімен бөлісті.
– Мен үшін бүгін қуанышқа толы күн. Көптен күткен сәтке де жеттім, – деді ол.
Сонымен қатар, шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет сөз сөйлеп, тұрғындарды құттықтап, жаңа шаңырақтарға бақ-береке тіледі.