Тазы итін меншіктеу мүмкін болмады: Сот патент күшін жойды
- авторБақытжан Бекболат
- 30 мамыр, 2025
- 137

Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылғы желтоқсанда Интеллектуалдық меншік институты «Қансонар» республикалық аңшылар қоғамдық бірлестіктері қауымдастығына «қазақы тазы ит тұқымы» селекциялық жетістігіне патент берген. Алайда бұл шешімге қарсы Қазақстан кинологтар одағы мен Экология министрлігі сотқа жүгініп, патенттің күшін жоюды талап етті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Олардың талабы қанағаттандырылды. Сот 2023 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) тазы тұқымын мойындап, Қазақстанды оның шыққан елі ретінде бекіткенін атап өтті. Яғни, тазы – жаңадан шығарылған тұқым емес.
«Бұл патент иесіне тазы иттерін өсіріп, сату, олардың төлін экспорттау және импорттау құқығын тек өзіне ғана береді. Бұл өзге ит өсірушілер мен иелерінің құқығын шектейді. Мұндай шектеу тұқымды дамытуға кедергі келтіріп, оның еркін таралуын тежейді. Соның салдарынан ұлттық мүддеге қайшы келіп, тазының генетикалық қорын сақтау мәселесі туындауы мүмкін», – деді сот.
Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін заңды әрі негізді деп таныды. Енді бұл шешім күшіне енді.