жұма, 5 желтоқсан, 2025 12:38

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Президент қол қойған заң: Жамбылда МӘМС жүйесі қалай жұмыс істеп жатыр

Президент қол қойған заң: Жамбылда МӘМС жүйесі қалай жұмыс істеп жатыр
Фото - ашық дереккөз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлт денсаулығын нығайтуға және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта жандандыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру міндетін қойды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елімізде денсаулық сақтау саласын сапалы түрде жаңғыртуға бағытталған жүйелі шаралар кешені жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс әрбір азамат үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Басты мақсат – халықтың өмір сүру жасын ұзарта түсу. 2025 жылы 14 шілдеде міндетті медициналық сақтандыру мәселелері жөніндегі жаңа Заңға қол қойылуы маңызды қадамдардың бірі болды.

Бүгінде облыс бойынша 948 мың адам, яғни тұрғындардың 80,8 пайызы сақтандырылған. Дегенмен, облысымызда әлі де болса 225 мыңнан аса адам жүйеден тыс қалып отыр. Ал әлеуметтік, тұрмыстық деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы D және E деңгейі санаттарына жататын азаматтар саны 70 мыңның шамасын құрайды екен.

– Бұл өзгерістер, ең алдымен, қарапайым халық үшін медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы D және E деңгейі санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады. Сонымен қатар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да сақтандыру жүйесіне жергілікті бюджет есебінен қамтылады. Бұл өңірлердегі халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдауға қосымша серпін береді. Тағы бір жақсы жаңалық – бұған дейін жарна төлемей қалған жағдайда адамның сақтандыру мәртебесі 3 ай ғана сақталатын еді. Енді 5 жыл бойы тұрақты жарна төлеген адам болса, жұмысынан айырылған жағдайда бұл мәртебе 6 айға дейін сақталады. Яғни, азаматтар уақытша табысынан айырылып қалса да медициналық көмексіз қалмайды. Бірақ, кейін сол уақыттағы қарызын өтеуі керек болады. Мемлекет онкологиялық ауруларға ерте тексеру жұмыстарын күшейтуді көздеп отыр. Сол себепті 2026 жылдан бастап онкоскринингтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізіміне өтіп, барлық азаматтарға сақтандырылғанына қарамастан, тегін болады. Бұған қоса, бұрын тек туберкулез бен АИТВ-ға ғана тегін тексеру жасалса, енді оған қоса созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінезқұлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт ауруларына күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетіледі. Ал, 2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 13 тобы бойынша консультативтікдиагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді, – дейді Ғайни Төленқызы.

 

Халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі – медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы. Осыған байланысты, 2026 жылдың қаңтарынан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі де жаңартылады. Жұмыс берушілер үшін 40 ЕТЖ ең төменгі жалақы, ал қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ ең төменгі жалақы мөлшерінде болмақ. Аталған өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азаматтардың денсаулық сақтау шығындарын өтеудегі жауапкершілікті әділ және теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

 

– Заңнамаға сәйкес, мемлекет МӘМС жүйесінде жеңілдігі бар санаттарға жататын азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл жарналар республикалық бюджеттен бөлініп, балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер және тағы басқа 15 санаттағы азаматтардың медициналық көмек алуын қамтамасыз етеді. Қазақст анда МӘМС жүйе сіне төленетін жарналар мен аударымдардың мөлшері ең төмен деңгейде – 2025 жылы 2 пайыз. Салыстырмалы түрде қарасақ, басқа елдерде бұл көрсеткіш 9–14,5 пайыз аралығында. Жүйені бастапқы жобалау кезінде жарна мөлшерлемелері жоғарырақ болып жоспарланған, алайда жүйе іске қосылған кезде олар едәуір төмендетілген еді. Алайда «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» енгізіліп, МӘМС жүйесіне қосымша міндеттемелердің қо сылуына байланысты жүйенің қаржылық жүктемесі күрт өсіп отыр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан жарна мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылуда. Яғни, 2027 жылы 2,2 пайыз болса, 2037 жылға дейін 4,7 пайызға дейін біртіндеп өсіру көзделуде. Бұл ретте жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады, – деді Ғайни Аймағанбетова.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа бақылау жүйесін жасанды интеллект негізінде құруды тапсырды.

Осыған байланысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Жамбыл облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова Жолдауда Қорға жүктелген міндеттер туралы айтып берді.

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында денсаулық сақтау саласына, соның ішінде Қор жұмысына ерекше көңіл бөліп келеді. Биылғы Жолдау да осы бағыттағы стратегиялық мақсаттарды нақтылап берді. Атап айтқанда, медициналық көмектің сапасын арттыру және оны тұрғындарға қолжетімді ету үшін жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектті енгізу міндеттелді, – деді филиал басшысы.

Ғайни Төленқызының айтуынша, бұл бағытта алғашқы нақты қадамдар жасалып та үлгерген. Жамбыл облысында медициналық қызметтерге ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде «Мониторинг» модулі енгізіліп, 2025 жылдың 19 мамырынан бастап пилоттық режимде іске қосылған. Ал 1 шілдеден бастап жүйе толық жұмыс істей бастады.

Қазіргі таңда Қор филиалы облыстағы 109 медициналық ұйыммен шарт жасасқан. Бірыңғай төлем жүйесінің алғашқы кезеңі аясында 20-дан астам автоматтандырылған мониториг алгоритмі енгізілді. Бұл жүйе арқылы медициналық ұйымдардың көрсеткен қызметтері заңнама мен стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан автоматты түрде тексеріледі. Кемшіліктер мен сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, жүйе бірден белгі беріп, жедел шара қабылдауға мүмкіндік береді.

Бұл тәсіл бізге нақты ақауларды уақытылы анықтап, қызмет сапасын бақылауды күшейтуге жол ашады. Жолдауда айтылғандай, 2025 жылдың соңына дейін жасанды интеллект негізінде толыққанды мониторинг жүйесін құру көзделіп отыр. Мұндай технологиялар тәуекелдерді болжауға, ресурстарды тиімді бөлуге және ең бастысы – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге сеп болмақ, – деп түйіндеді Ғайни Аймағанбетова.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар