жексенбі, 9 ақпан, 2025 9:46

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Кәсіби режиссер жоқ»: Жамбыл облыстық қазақ драма театрында неге премьера аз

«Кәсіби режиссер жоқ»: Жамбыл облыстық қазақ драма театрында неге премьера аз
Фото - Алтынбек Қартабай
Бүгін өнер ордасында жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті

Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры Ақылдос Тәжиев журналистердің сұрағына жауап берді,- деп хабарлайды jambylinfo.kz

Бүгін аймақтың маңдайалды өнер ордасында баспасөз конференциясы өтті. Онда тағайындалғанына бір айдан асқан мекеме басшысы атқарылған жұмыстарды сараптап, алдағы жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар театрдың жұмысына байланысты өзекті сұрақтарға бүкпесіз жауап берді. 


ПРЕМЬЕРА НЕГЕ АЗ?


Көрермен қауым бүгінгі таңда Асқар Тоқпанов театрында премьералар аз екеніне жиі шағымданады. Мекеме директоры театрсүйер қауымның уәжі орынды деп отыр. Айтуынша бұған бірнеше себеп бар. Ақылдос Тәжиевтің сөзінше, спектакльдың  тартымдылығы мен көрермен көңілінен шығуы ұзақ дайындықты талап етеді. Сол үшін де театр сапаға жұмыс жасауды көздейді. 

- Қазір біз сахналауды жоспарлап отырған бес шығарма бар. Сонымен қатар мерекелік қойылымдар қойылады. Өзіміздің жас режиссерымыз Саламат Мырзатаевтың да ұсынатыны бар, дипломдық жұмыс жасап жүрген Т. Жүргенов академиясының студенті бір шығарманы қояды. Осыдан бірнеше жыл бұрын бір спектакльды қою үшін алты ай дайындалатынбыз. Мысалы, «Қобыланды» шығармасын қоюға осындай уақыт кеткен. Ал, қазір бір спектакльді сахналау үшін кемі 2-3 ай керек. Осы орайда біз  қойылымның санына емес сапасына да қарауымыз керек. Өйткені, сапасыз он спектакль қойғаннан,  сапалы әрі есте қаларлық бес спектакль қойған әлдеқайда тиімді. Менің ойымша бір театрға жақсы қойылған 4-5 шығарма жеткілікті,- деді директор. 

Ал, театрдың көркемдік жетекшісі Анар Сағымбекованың айтуына қарағанда бұл мәселенің тағы бір себебі – кәсіби режиссердің жоқтығы. 

-  10 жыл бұрын жылына 10-11 премьера беретінбіз. Біз қазір мұндай көрсеткішке жету үшін демалыссыз жұмыс істеуіміз керек. Одан бөлек біз бір ғимаратта екі театр отырмыз. Сахна ауысып тұрады. Актерлердің денсаулығына да қарауымыз керек. Оның үстіне қазір Қуандық Қасымов секілді кәсіби режиссер жоқ. Ол кісі жылына 10 премьера бере алатын. Бұл жағы қазір ақсап тұр. Бұрынғы мамандардың жасы келіп қалды. Қазір еліміз бойынша 67 театр болса, соларда жұмыс істеп жүрген 5-6 ғана кәсіби режиссер бар. Режиссер іздейміз. Өткені, оны табу қиын. Осындай кедергілерден кейін премьера азайды,- деді Анар Сағымбекова. 

ТЕАТРЛАРМЕН ӨҢІРАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫС


Биыл Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ театры бірнеше өңірге гастрольдік сапармен баруды жоспарлап отыр.Театр ұжымы алғашқы сапарды Түркістан облысынан бастайды. 

- Биыл бірқатар өңірге гастрольдік сапар жоспарланып отыр. Сәуір айында Түркістанда болады деп күтілуде. Мүмкіндігімізге қарай, Талдықорған, Шымкент, Түркістан қалаларына бару жоспарымызда бар. Биыл гастрольдік сапарды көп жасай алмаймыз. Өйткені,  уақыт шектеулі. Театрдың 90 жылдығына орай фестивальға дайындалуымыз керек. Сонымен қатар  сәуір, мамыр айларында Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық театр, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Жамбыл облысына гастрольмен келеді. Көріп отырғандарыңыздай биыл жалпы гастроль көп. Жыл соңына дейін басқа да театрлар байланысуы мүмкін. Сол үшін бізде шығармашылық ізденіс пен тәжірибе алмасу міндетті түрде жалғасады,- деді ол. 

СЫРТТАН МАМАН ШАҚЫРУ 


Жалпы, биыл театр сахналанатын  жаңа қойылымдарға режиссерларды сырттан алдыру жұмыстарын қарастырып отыр. 

- Биыл жаңа спектакль қою үшін талантты, өз ісінің мықты маманы былтыр «Үздік режиссер» жүлдесін  иеленген қырғызстандық режиссер Шамиль Дыйканбаевты шақырып, М.Әуезовтің «Қараш-қараш» туындысын, Белоруссиядан Даниль Филипповичке Б.Брехтің «Түнгі дауылпаздар» шығармасын, Бакуден Микаил Микаиловқа Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» шығармасын,  С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық акакдемиялық қазақ драма театрынан режиссер Айдын Салбанға М.Мақатаевтың «Қош, махаббат», Ташкенттен Сайфуддин Мелиевке Саид Ахматтың «Келіндер көтерілісі» шығармаларын белгіленген  келісім-шарт негізінде қаламақы төлей отырып шақырту жоспарланды. Сонымен қатар, артистердің актерлік шеберліктерін шыңдау мақсатында арнайы білікті мамандармен шеберлік сағаттарын өткізуді де ұйымдастырдық,- деді театр директоры. 

Айта кетейік, биыл аталған театрдың 90 жылдығына және режиссер, Қазақстанның Халық артисі Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына орай Республикалық театр фестивалі өткізілмек.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар