жұма, 22 қараша, 2024 0:59

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Сұраттық кәсіпкер бұқтырылған сиыр етін өндіруде

Сұраттық кәсіпкер бұқтырылған сиыр етін өндіруде
ашық дереккөзі
Сұраттық кәсіпкер бұқтырылған сиыр етін өндіруде

Бұрнағы жылы киелі Әулиеата өлкесінде «Қарапайым заттар экономикасы» негізінде «Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы іске асқан болатын. Аталған пилоттық жобаға өңірдің он бір ауылдық округінің тұрғындары тартылып, ұйымдастыру жұмыстары ә дегеннен-ақ қызу жүргізіле бастады. Бүгінде бұл бастама өз жемісін беруде. Мәселен, баянды бастамаға Меркі ауданынан енген Сұрат ауылдық округінде 2,5 пайызбен 15 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, шырын цехын ашқан Қарақат Сатымқұлова оның 5 миллион теңгесіне 5 сотық жерге жылыжай салып, одан маусым бойы табысты өнім алған. Сондай-ақ бүгінгі таңда кәсіпкер бұқтырылған сиыр еті өнімін «Сұрат» сауда белгісімен шығара бастапты.

Сұраттық кәсіпкер бұқтырылған сиыр етін өндіру үшін Алматы облысындағы отандық құрылғыларды шығаратын «ПроСнаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімге келіп, қажетті құрылғыларды сатып алған. Бұл құрылғының әмбебаптығы тек бұқтырылған етті ғана емес, минералды су, шырын шығаратын да мүмкіндігі бар. Кәсіпкер өндіріске қажетті шикізатты ауылдастарынан қабылдауда. Яғни пилоттық жоба аясында мал бордақылап отырған азаматтардың сиыр етінің келісін 1 750 теңгеден сатып алып жүр. Дәл қазір 8 адам жұмысқа тартылған. – «Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасының көмегін тиімді пайдалана отырып, біз өңірде бұрын соңды өндірілмеген өнімге баса назар аудардық. Сиыр етін талапқа сай турап, түрлі дәмдеуіштер қосып, қажетінше бұқтырамыз. Дайын болған етті қалбырларға салып, дүкен сөрелеріне жөнелтеміз, – дейді кәсіпкер Қарақат Сатымқұлова. Желтоқсан айының 14-інен бері бұқтырылған сиыр етін өндіруді қолға алған кәсіпкер осы уақытқа дейін 10 мың дана өнім өндіріпті. Қазіргі таңда кәсіпкердің өнімдері Меркі ауданындағы «Қуаныш», «Болашақ», Сұрат ауылындағы «Қарлығаш», Ақарал ауылындағы «Ынтымақ», «Іңкәр», «Толқын», «Дениз», сондай-ақ стансадағы «Үміт» және «Дивариду» дүкендерінде өткеріліп жатыр екен. Әр қалбырдың бағасы 750 теңге болса, әлеуметтік дүкендерде 680 теңгеден сатылымға қойылыпты. – Жасыратыны жоқ, дүкен сөрелеріндегі бұқтырылған еттің көпшілігі шетелден келеді. Біз осы олқылықтың орнын толтырғымыз келді. Өндіріп жатқан өніміміздің басты ерекшелігі сол, мал көпшіліктің көзінше халал сойылады. Оған ауыл тұрғындары куә. Сосын салмағы да өзге қалбырларға қарағанда біршама көп. Ал қоспа ретінде сиырдың өз майын пайдаланамыз. Шетелден келетін өнімдерде шошқа еті мен майын пайдаланып жатады. Бастысы, ауылдың таза бордақыланған ірі қарасының етін қолданамыз. Алда жылқы етінен де осындай өнім шығаруды жоспарлаудамыз. Қазіргі таңда оның этикеті дайындалу үстінде, – дейді Қ.Сатымқұлова. Әлбетте, ауылдағы кәсіпкердің мұндай бастамасы өте құптарлық. Дегенмен меркілік кәсіпкерді мазалаған мәселе де жоқ емес екен. Нақтырақ айтқанда, дайын тауарды өткеру жағы қиындап тұр. Бүгінгі күні кәсіпкердің өндірген өнімінің тек 10 пайызы ғана сатылған. Ендігі жерде ол облыс әкімдігі мен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» да қол ұшын созса дейді. Сонымен қатар қанатқақты жоба аясында кәсіпкер 9,5 гектарлық жылыжайында қияр егіп, одан бірінші кезеңде 6,9 тонна өнім алып, нарыққа 120 теңгеден өткізіпті. Қазірде жылыжайда өсіп тұрған қияры пісуге жақын. Бірер күнде өнімді жинап, консервілеу жұмысына кіріспек. Сондай-ақ томат пастасын, томат шырынын нарыққа шығаратын болады. Ондағы шикізат көлеміне ауыл тұрғындарының үй маңындағы егістік жерлеріне егілген дақылдарын сатып алып, қайта өңдеу көзделген. Яғни «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы үй іргесінде егілген көкөніс-жемістерді жинап, тұрғындар делдалсыз базар бағасымен осында өткере алады.

Нұрдаулет АСАН

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар