«Сергек» камерасына оқ атқан байзақтық тұрғын айыппұл арқалады
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 10:22
- 59
Байзақ аудандық соты бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру дерегі бойынша М.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сотта анықталғандай, 2025 жылғы желтоқсанда азамат М. «Сарыкемер – Түймекент – Ақшолақ» автожолында пневматикалық мылтықпен оқ атып, жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін «Сергек» камерасын қасақана зақымдаған. Нәтижесінде «І.» ЖШС-не материалдық шығын келтірілген.
Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, келтірілген залалдың ішінара өтелгенін хабарлады. Алайда жәбірленуші тарап залалдың толық көлемде өтелмегенін көрсетті.
М.-нің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, полиция қызметкерлерінің хабарламасымен, жәбірленушінің жазбаша арызымен және құқық бұзушының өз айғақтарымен дәлелденді.
Сот кінәні мойындауды жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде таныды, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
ӘҚБтК-нің 147-1-бабының 1-бөлігінің санкциясы 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды немесе 5 тәуліктен 20 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуды көздейді.
Сот қаулысымен М. аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, оған 196 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қаулы заңды күшіне енді.






