Серік Сәлемов Мойынқұм ауданына жұмыс сапарымен барды
- авторМағжан Орынбасар
- 12 сәуір, 2025
- 173

Бүгін Мойынқұм ауданында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов және құқық қорғау саласының өкілдері "Заң және тәртіп" қағидаты аясында жастармен кездесу өткізді,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шараға облыстық құқық қорғау органдарының өкілдері, колледж студенттері, белсенді жастар мен оқушылар және түрлі сала мамандары қатысты.
Алқалы жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов "Заң және тәртіп" қағидаты аясында өңірде атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.
- Биыл «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өткізілетін кездесулердің кестесі бекітілген болатын. Кестеге сәйкес ағымдағы жылдың 11-ші ақпан күні Тараз қаласында, 11-шінаурыз күні Талас ауданындакездесулер өткізілсе, кезекті жиын бүгін Мойынқұм ауданында өткізіліп отыр. Осылай облысымыздың әр ауданында бүгінгідей кездесулер өз жалғасын табады. Заң мен тәртіптің дұрыс үйлесімі қоғамның дамуына, адамдардың қауіпсіздігі мен бостандығына негіз болады.
Заңдарды білмеу жауапкершіліктен босатпайды – бұл негізгі құқықтық қағидалардың бірі. Заңды ұстану барлық сала мамандарына қатысты.
Әрбір адам, әсіресе жастар өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс,- деді Серік Сәлемов.
Жиын барысында құқық қорғау органдарының өкілдері баяндама жасап, жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыс деңгейінің көрсеткішіне тоқталды. Сонымен қатар жастарға арнайы дайындалған бейнероликтерді көрсетті.
Бұдан соң аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы аудан аталған қағидат аясында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарды айтты.
- Мойынқұм ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі 11-бағыт бойынша жұмыс атқаруда. Соның ішіндегі құқық бағыты аясында Жамбыл облысы бойынша жастардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын қамтамасыз ету жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес: жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, құқықбұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын қамтамасыз ету бойынша аудандық ИДН қызметкерлерімен бірлесіп Жамбыл мектеп гимназиясы, Т.Рыскулов тірек мектебі, М.Жұмабаев мектеп лицейі, №8 Мойынқұм колледжі оқушылары мен студенттері және Кеңес, Биназар, Бірлік, Күшаман, Қылышбай, Жамбыл, Хантау, Мыңарал ауылдық округтерінде «Заң және тәртіп» жобасы аясында «Тәртіпті өзіңнен баста» тақырыбында 245 жасты қамтыған 7 кездесу,4 дөңгелек үстелдер өткізілді. Сондай-ақ аудандық полиция бөлімімен бірлесіп «Қоғам сақшысы» жобасы аясында 8- түнгі рейдтік жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің 30-жағдайы түнгі уақыттазаңды өкілінсіз ойын сауық орындарында және тұрғын үйден тыс жерде болуы тіркелді. Аталмыш шара барысында кәмлетке толмаған жастардың ата-аналарына ескерту берілді,- деді Жастар ресурстық орталығының директоры М. Күнту.
Жиынды қорытындылаған Серік Сәлемов алдағы уақытта облыстың барлық аудандарында осындай шаралар жалғасатынын жеткізді.
Іс- сапары аясында Серік Сәлемов аудандағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралады.
Облыс әкімінің орынбасары алдымен өткен ғасырда салынған Nº8 Мойынқұм колледжіне барып, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты. Мұнда бүгінгі күні 50-ге жуық студент білім алып жатыр. Жалпы ғимарат ескірген. Шеберхана кабинетінің жағдайы сын көтермейді. Осыны ескерген Серік Сәлемов білім алушыларға қолайлы жағдай жасау - басты міндет екенін жауаптыларға ескертіп, реконструкциялау жұмысын жедел әрі сапалы жасау керектігін айтты. Сондай-ақ аудан іргесінде салынатын АЭС құрылысына қажетті мамандарды дайындау ісін жедел қолға алуды тапсырды.
Мұнан кейін аудандық орталық аурухананың жағдайын көрді.
Медициналық мекеме 200 келушіге арналған. Нысанды аралаған облыс әкімінің орынбасары медициналық қызметтің сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу керектігін баса айтты.
Жұмыс сапарының соңында Серік Сәлемов Күшаман ауылындағы орта мектепке ат басын бұрып, мәселелерін назарға алды.