Төнген қауіпті әлі де сезінбей жүргендер бар
- авторjambylinfo.kz
- 3 қараша, 2020
- 283
Пандемия қоғамда баршамыз бір-біріміздің денсаулығымызға жауапты екенімізді көрсетті. Бірақ әлі де болса, соны сезінбей жүргендер бар. Өңірімізде соңғы аптада COVID-19 індетіне шалдыққан 20 адам тіркелген. Тарқатып айтсақ, Шу ауданында – 10, Тараз қаласында – 6, Байзақ ауданында – 3, Қордай ауданында – 1. Жалпы 20 жағдайдың 18-і жергілікті тұрғындар, 2-еуі байланыста болғандар. Ал соңғы дерек бойынша тағы 3 адам осы індеттің ілмегіне ілінген. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев төрағалық еткен кеңес отырысында айтылды.
Сонымен қатар басқосуда өңірдің эпидемиологиялық жағдайы мен коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындық барысы тағы пысықталды. Аудандар мен Тараз қаласындағы мониторингтік топтардың жұмыс нәтижесі де сөз болды. Ана мен бала өлімін азайтуға байланысты қабылданып жатқан шаралар, 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспарының орындалуы туралы мәселелер де назардан тыс қалған жоқ.
Жүргізілген мониторингке сәйкес, 30 қазанға дейін облыс аумағында COVID-19 індетінің жалпы – 4183, ал пневмонияның – 137 жағдайы тіркелген. (2020 жылғы 1 тамыздан бастап сәйкестендірілмеген пневмонияны есепке алу бөлек жүргізіледі). Ал инфекциялық стационардан сауығып шыққандар саны – 4084.
– Қазір инфекциялық стационарда 28 науқас ем алып жатыр. Оның 19-ның жағдайы орташа, ал 9-ы ауыр дәрежеде. 28-і карантиндік стационарда, 126-сы үй жағдайындағы карантинде бақылауда. Тұмауға қарсы вакцинациялау да өз жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Жыл сайын жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұмауға қарсы вакцина сатып алынады. Бүгінде 309 306 азамат тұмауға қарсы екпе алды, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Жиында онлайн форматта байланысқа шыққан аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің орынбасарлары облыс әкімінің орынбасары Ержан Жұматұлының қойған сұрақтарына мардымды жауап бере алмады. Біразы сыпыра тізіп, құр сандарды сапырудан ары аспады.
Сондай-ақ Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм, Қордай аудандарында жүргізілген рейд нәтижесі бойынша хаттама толтырылғанмен, кейбірі құзырлы органдарға жолданбағаны да белгілі болды. Облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеп, жиында атқарған жұмыстарының нақты нәтижесін ғана айтуды ескертті.
Камила БОРАШОВА
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз