Меркі ауданында індеттің алдын алу бойынша халыққа түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімдігі, полиция мен тауарлар мен қызмет көрсету сапасын бақылау басқармасы қызметкерлерімен біріге күндізгі және түнгі рейдтер жүргізуде. Ауылдық округ әкімдері Жамбыл облысы бас санитарлық дәрігерінің қаулысы талаптарымен кәсіпкерлік нысан, мемлекеттік ұйым, мекемелерге қол қойдыра таныстыруда. Аудандағы барлық мешіттерде құлақтандыру құрылғылары арқылы карантин талаптары мен белгіленген шектеулер туралы күніне бірнеше рет айтылуда. Ауданның барлық елді мекендерінде тұрғындарға брошюралар таратылып, қоғамдық орындарда қауіпсіздік шараларын қатаң ұстану, бетперде киіп жүру туралы афишалар ілінді. Әлеуметтік желілер арқылы шектеу шаралары туралы үнемі мақалалар жарияланып, аудан әкімі М.Өмірбек аптаның әр серсенбісі сайын тікелей эфирге шығып, ескерту жұмыстарын жүргізуде. Дегенмен, тұрғындар өз денсаулық қауіпсіздігін ойламай, той-жиындар өткізуде. Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің ұйымдастыруымен, аудандық полиция қызметкерлері, «Меркі адалдық алаңы» мамандарымен біріге жүргізілген түнгі зерделеу жұмыстары барысында шектеулер мен талаптарды бұзған бірқатар фактілер анықталды. Меркі ауданы АПБ-нің қызметкерлерімен бірлесе өткізілген зерделеуде көшеде жүрген біртоп кәмелетке жасы толмаған жасөспірімдер анықталып, оларға ескерту жасалып, Заң талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар, аудан орталығындағы тамақтандыру орталықтары тексеріліп, Ойтал ауылдық округіне қарасты «Мақпал» кафесінде 80-ге жуық адам жиналған тойдың өтіп жатқаны анықталды. Тойхана иесі мониторингтік топ мүшелерін көре сала, тығылып үлгерді. Ал тамаша көңіл күйде отырған той иелері «шешілмейтін мәселе жоқ» деп полиция қызметкерін құшақтай жөнелді. Адамзаттың өз өмірі, денсаулығының қауіпсіздігіне салғырт қарағаны көңіл қынжылтады. Оқиға орнына аудандық полиция бөлімінің жедел бөлімі қызметкерлері шақырылып, той тарқатылды. Той иесі мен тойхана иесінен түсініктеме алынып, хаттама толтырылды. Бұдан соң топ мүшелері компьютерлік ойын клубында карантин талаптарын ұстанбай, 20 шаршы метрлік бөлмеде 30-дан аса азаматтардың жиналып, ойын ойнап отырғаны белгілі болды. Аудан әкімшілігі қызметкерлері видео камерамен кіріп барғанына қарамастан жастар ойыннан бас көтермеді. Кәсіпкерлік нысан иесі шақыртылып, Заңға сай түсініктеме алынып, хаттама толтырылды. «Сақтанғанды сақтайды» демекші, әркім сақтық шараларын ұстануды өзінен бастаған жөн. Бұл күндер де өтер. Өтпелі кезеңде қауіпсіздік ұстанып, аман шығудың қамын жасайық, ағайын.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз