дүйсенбі, 25 қараша, 2024 4:39

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразға Өзбекстан консулы келді

Таразға Өзбекстан консулы келді
ашық дереккөзі
Таразға Өзбекстан консулы келді

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Аброр Фатхуллаевты қабылдады. Тараптар сауда-экономикалық, көші-қон және туризм саласындағы өзара ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

- Өзіңізбен кездескеніме қуаныштымын, себебі қазақтар мен өзбектер – ежелден мәдени және сауда байланысы қалыптасқан бауырлас халықтар. Біз ортақ дүниелеріміз көп көршілес елдерміз. Тәуелсіздік жылдары екі ел арасында түрлі салаларда өзара табысты ынтымақтастық орнап келеді десек, оған Мемлекет басшылары арасындағы достық қарым-қатынастары оң әсерін тигізуде. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту жолында көп жұмыс жасады. Сол игі дәстүрлерді жалғап, одан әрі нығайта түсу керекпіз. Жамбыл облысы –көпұлтты өңір, 80-ге жуық этнос өкілдері тұрады. Олардың қатарында 30 мыңға жуық адамды құрайтын үлкен өзбек диаспорасы да бар, - деді Бердібек Сапарбаев қонаққа жылы шырай танытып.

Сондай-ақ, өңір басшысы жергілікті билік тарапынан әрбір этностың ана тілін, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтауына және дамытуына мүмкіндігінше жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Жамбыл облысы Өзбекстанның Жизақ облысымен өзара қарым-қатынас орнатқан.

Өзбекстан консулы ыстық ықыласы үшін ризашылығын білдіріп, өңірімізге келудегі мақсатын жеткізді.

- Біз бауырлас елдердің басшылары арасында қалыптасқан жылы қарым-қатынасты бағалаймыз. Бұл достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сауда байланыстарын дамытуға, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Біздің ойымызша, ауыл шаруашылығы, өнімдерді қайта өңдеу – перспективалы бағытқа жатады. Өнеркәсіпте, соның ішінде тоқыма саласында өзара байланыс орнату мүмкіндігін қарастыруға болады. Қазақстанның Жамбыл облысы мен Өзбекстанның Жизақ облысы өңірлік ынтымақтастықтағы серіктес аймақтар болып табылады. Біз бұл серіктестікті бірлесе отырып кеңейтуге, сапалы әрі мазмұнды жұмыстармен толықтыруға бейілміз, - деп атап өтті ол.

Кездесуде еңбек көші-қон мәселелері де қозғалды. Ресми мәліметтерге сәйкес, қазіргі таңда облысымызда Өзбекстаннан келген 1600-ге жуық адам жұмыс істеуде.

- Білуімізше, сіздердің облыстарыңызда жұмыс күшіне деген қажеттілік байқалады. Өзбекстаннан келген жұмышылар тобы Тараздағы «Шахристан» мәдени-тарихи кешенінің құрылысына атсалысты. Біз адамдарымыздың заңды түрде, келісімшарт негізінде жұмыс істегенін қалаймыз, - деп консул өз тілегін білдірді.

Сондай-ақ, ол Таразда тарихи тартымды нысандардың бар екенін тілге тиек етіп, болашақта екі ел арасындағы туризм саласындағы қатынастарды жандандыруға болатынын атап өтті.

Облыс әкімі де өз кезегінде көрші елмен ынтымақтастыққа дайын екенін баса айтты.

- Еңбек көші-қоны бойынша мәселелер жоқ. Біз сіздердің құрылысшыларыңыздың қалай жұмыс істейтінін білеміз. Еңбек етулеріне қарсы емеспіз. Туризмді де дамыту керек. Жақын арада Ташкенттен Түркістанға жүрдек пойыз қатынайтын болады. Мен бұл пойыздың бағытын Таразға дейін ұзартуды ұсынамын, - деді Бердібек Сапарбаев.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар